Мәселе – мазут пен шалғайлық
Бүгін Арқалық қаласының әкімі Ғ. Бекмұхамедов облыстық, республикалық БАҚ тілшілерімен баспасөз мәжілісін өткізіп, қаланың соңғы он айдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалын баяндады.
Қазақстан бойынша 27 моноқала бар болса, солардың ішіндегі әлі уақытқа дейін әлеуеті пәсі Жаңатас және осы Арқалық делініп келеді. Делінсе де, тіршілігі тұралап тұрған жоқ, әлеуметтік-экономикалық тынысы жылдан-жылға кеңейе түсуде. Мәліметтерге сүйенсек, осы жылы өнеркәсіп өндірісі саласында 4884,1 млн. теңгенің өнімі шығарылған. Ауылшаруашылық саласында 8 млрд. 20,5 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Он айдағы көрсеткіш бойынша, жалпы сомасы 5525 млн. теңгені құрайтын инвестициялар тартылған. Моноқалаларды дамытуға бағытталған бағдарлама аясында бірталай берекетті істер тындырылды, жалғасып та жатыр.
-Бұл бағдарлама аясында қаланың экономикалық қауһарын арттыратын 3 зәкірлік жоба жүзеге асты. Алғашқысы – «Агроптица» құс фирмасы. Бүгінде облыс деңгейінде әйгілі. Екіншісі – мал тұқымын асылдандыру нысаны. Мұнда қазіргі таңда Абердин-Ангус ІҚМ тұқымы 2 мың басқа жетіп отыр. Үшіншісі – жел электр стансасы. Ал, қаланың әуел бастан бергі әл-ауқаты – Торғай бокситтік кен басқармасы (ТБКБ) мен «Алюминстрой» ЖШС. Екеуінде де мың мыңға тарта адам жұмыс істейді,-дейді Ғ.Бекмұхамедов.
Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында да алға қарай алымды адымдар жасалуда. Осыған дейінгілерді есепке алмағанда, тағы екі ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Біріншісі – қуаттылығы 531 мың тоннаға тең «Ақжал» кен орнының нефритоидтарын өңдеумен айналысатын «Ақ-Тас СК» ЖШС. Құны – 1 млрд. 858 млн. теңге. 2018 жылы іске қосылмақ бұл өндіріс орны 88 адамды жұмыспен қамтиды деп көзделуде. Ал, екіншісі – отқа төзімді заттарды өндіретін зауыт – «Огнеупорхимстрой» ЖШС. Қуаттылығы 48 000 тонна болатын жобаның іске асу мерзімі – 2017 жыл. Құны – 900 млн. теңге. Сондай-ақ Ғ.Бекмұхамедов таяу келешекте вагондар жөндеу депосының құрылысы басталатынын айтып өтті. Бұл туралы қала әкімі рудныйлық бизнесшілермен келісім жасасып қойыпты. Облыстың оңтүстік өңірлерінде алғаш рет мал сою нүктесі салынып жатыр. Құрылысымен «Бикен» шаруа қожалығы айналысуда. Нысан өнімділігі күніне 5 тоннаға дейін жетеді деп жоспарлануда.
Тың тыныс әкелген тағы бір жаңалық – Арқалық-Шұбаркөл арасындағы темір жолдың салынуы. Тұйықтағы қаланың қатынас мүмкіндігі кеңейді.Тіпті, нәтижесінде, жаңадан желілік элевтор және көмір тасымалы тұйығы ашылды. Мұның үстіне, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы «Астана-батыс», яғни «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» тас жолын төсеу қолға алынады. Бұны да әкім өз сөзінде «өмірлік қажеттілік» деп бағалап өтті.
Арқалыққа қатысты «елестер қаласы», «депрессиялы қала» дейтін түсініктер әлдеқашан ескірген. Құрылыс қарқынды. Жаңа нысандар салынып, ескілер жаңғыртылып, жарамсыздары сүріп тасталуда. Қала ішінде қаңқасы ғана қаңырап тұрған 117 ғимарат болса, соның 28-і мүлдем іске алғысыз деп танылғандықтан, бұзылып, тазартылыпты. «Әйгілі» 9-шы шағын ауданның да толықтай тып-типыл етілгенін айтты қала әкімі. Демографиялық жағдай да жақсарып келеді. Тыстан көшіп келушілер қатарының көбейгені байқалады. Қызығы, қоныс аударушылардың көбі Астана қаласынан көрінеді. Оны да әкім экономикалық факторлармен түсіндіреді.
Бүгінгі кезде, Ғ.Бекмұхмедовтың айтуынша, алаң тудыратын екі мәселе бар. Алғашқысы – қаланың облыс орталығынан 460 шақырым қашықтықта жатқандығы. Сондай-ақ, елордадан да көп шалғай. Мұның да, санамалай келгенде, көп жайттарда қолбайлау болатынын айтады. Әсіресе, шағын және орта бизнестің дамуын кенжелететін тұстары бар екенін сөз етті. Екіншісі – жылу энергетикалық орталығының айналасы, мазут отынының қаттығы. Қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін 23 мың тонна мазут қажет екен. Ал қазіргі уақытта қоймада отынның бұл түрінің, небары, 1537 тоннасы ғана жатыр. Қорды молайтпауға не себеп? Мазут құны көмір бағасынан 5 есе қымбат – себептің сүйектісі осы…
Көмір болса жоспарланған межеде түсірілген, яғни 6,7 мың тонна көмір дайындалды. Қыс қытымырынан өтуге 10 қазандық, 22 автономдық жылу беру жүйесі сайлы күйде. "Сақалды" мәселе – жылу энергетикалық компаниясының жаңғыртылу-жаңғыртылмауы жайында әзірге нақтылы басы ашылып айтылған жоқ.
Ж.Жүсіпбек