Бөтелкеден үй салған (БЕЙНЕ)
«Қалауын тапсаң қар жанар» дегеніміз осы шығар. Қостанай ауданындағы Лиманное ауылының тұрғыны Владимир Авхимович бөтелкеден үй салып алыпты. Ерекше құрылысты көзбен көру үшін аталған ауылға арнайы барып келдік.
Мына суреттегі үйдің үш қабырғасы кәдімгі бөтелкеден қаланып, балшықпен сыланған. Шыны қабырғалар бес жылдан бері міз қақпастан орнында тұр. Жауынға мүжілмеген, қытымыр қыстың аязына да сынбапты. Ал үйдің іші жып-жылы.
-Бөтелкеден үй салуға болатыны туралы теледидардан көрдім. Содан жұбайым, немерем үшеуміз шаруаға кірісіп кеттік. Олар маған көмектесті. Бөтелкеден қаланған қабырғаның кірпіш үйден айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Құрылысқа қажетті бөтелкелерді қоқыстан теріп, көшеден жинадық. Осындай әдіспен жертөле (погреб) салғым келген. Бірақ денсаулығым жарамады. Сауығып кетсем құрылысқа қатысты жоспарларды алдағы уақытта көре жатармыз,-деді үй иесі Владимир.
Владимир Авхимович тұрып жатқан қамыс үй жетпісінші жылдардың басында салынса керек. Қырық жылдан бері қалқиып тұрған үйді құлатуға қимаған. Қабырғалары тоза бастаған соң бөтелкенің көмегімен жаңартуды қолға алыпты. Қиыннан қиыстырып, қабырға қалаған Владимирдің еңбегіне сүйсінбеске болмас.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ.