Әулиекөл ауданына жаңа әкім тағайындалды
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Әулиекөл ауданының жаңа әкімі Ерлан Теменовты таныстырды. Ол бұған дейін Меңдіқара ауданының әкімі қызметін атқарды.
Өңір басшысы Архимед Бегежанұлы жаңа әкімге ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жол бойындағы сервис, өнеркәсіп салаларындағы мемлекеттік бағдарламаларды, сондай-ақ білім беру, жол желісі, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды салу және жөндеу жобаларын жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен қатар, әкім Аманқарағай ауылында су құбыры, Әулиекөл ауылында газ құбыры құрылысының, аудан орталығындағы И.Сьянов атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын, Аманқарағай кентінде мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектептің құрылысы сияқты ірі жобалардың қолға алынғандығын, сондықтан алдағы уақытта жаңа әкімді ауқымды жұмыстар мен маңызды міндеттердің күтіп тұрғандығын алға тартты. Сондай-ақ, қысқа дайындық барысына да ерекше назар аудару қажеттігін тілге тиек етті.
Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Ерлан Теменов те облыс басшысына жоғары сенімі үшін алғысын білдіріп, барлық күш-жігерінің осы міндеттерді орындауға бағытталатынын атап өтті.
Теменов Ерлан Олжабайұлы 1971 жылы туған, Ақмола облысының тумасы, қазақ, білімі жоғары. 1993 жылы Алматы зооветеринарлық институтын зооинженер мамандығы бойынша, 2001 жылы Қарағанды экономикалық университетін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдады.
Еңбек жолын 1993 жылдың қарашасынан Арқалық аудандық салық инспекциясының салық инспекторы лауазымынан бастады. Салық қызметінің түрлі лауазымдарында жұмыс істеді.
2010 жылдың қыркүйегінен 2015 жылдың қазанына дейін Қостанай облысы Арқалық қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2015 жылдың қарашасынан 2017 жылдың сәуіріне дейін – Қостанай облысы Қостанай қаласы әкімінің орынбасары.
2017 жылдың мамырынан бастап – Меңдіқара ауданының әкімі.