Антқа адалдық

Covid-19 індетімен күресте Қостанайдағы 6697 әскери бөлімі сарбаздарының қосқан үлесі орасан. Ауру өршіген тұста олар алғы шепте жүріп, қауіптің алдын алуға атсалысты. Көшелерді дизенфекциялап, халықты сақтандырды. Осы жұмыстардың бел ортасында Дулат Әбілмәжінов те жүрді. Қауіпсіздік ережелерін ұстануды қадағалаудың сыртында жас жауынгерлерді әскери өмірге бейімдеу де соның мойнында. Былтыр індет белең алған кезде Көкшетау қаласынан келген жас сарбаздармен елу күн бойы бірге тұрды. Тәртіп бүгінгіден де қатаң еді.
Сарбаздардың дене қызуы күніне үш мәрте тексеріліп, демалыс кезіндегі жүріс-тұрысына да шектеу қойылды.
«Денсаулығына қатысты сәл шағым түссе, қайта-қайта тексерттік. Түрлі дәрумендер берілді. Ант қабылдау рәсімін онлайн форматта өткіздік. Яғни, ата-аналарды шақыра алмадық. Қауіпсіздік және құлақтандыру іс-шаралары күнде жүргізілді. Соның нәтижесі – біздің бөлімде індет жұқтырған жағдай тіркелген жоқ. Бұл орайда командиріміз, подполковник Есенбаев Медет Серікбайұлының ұйымдастырушылық қабілетін айрықша атап өтер едім. Бәрімізді дұрыс әрекет етуге жұмылдыра білді», – дейді 6697 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Дулат Әбілмәжінов (суретте ортада).
Әскери бөлім ішінде қауіпсіздік ережелері әлі де қатаң. Сарбаздардың денсаулығы үнемі бақылауда. Күн сайын ғимараттардың есік-терезелері ашылып, бір уақыт желдетіледі.
Биыл «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6697 әскери бөлімінің құрылғанына 50 жыл толды. Осы мерейтойға орай және коронавирусқа қарсы іс-шараларға белсене қатысқан бірқатар әскери қызметшілерге Бас Қолбасшының атынан, Қорғаныс министрлігінен, Орталық Өңірлік Қолбасшылығынан, бөлім командирінен түрлі марапаттар келіп түсті. Оның сыртында облыс, қала әкімдіктері де алғыс хаттар мен грамоталар табыстады. Марапатқа Дулат Төлегенұлы да кенелген. Алайда, антына адал азамат ретінде ол атақты бірінші орынға қоймайтынын айтады.
«Біздің қызметіміз қандай қиындық болса да тоқтамайды. Міндетіміз – халықты қорғау. Ыстық-суықтың бәріне дайынбыз. Індеттің таралуына жол бермеу ісінде көзге түскен маңдай шептегі сарбаздарымыз алсын, жұмысқа деген ынтасы артсын деп, көп марапатты соларға бергенді жөн көрдік. Басшылар бәрін өздеріне ала бергені дұрыс емес», – дейді ол.
Әскери салада жүргеніне 15 жылға таяған кейіпкеріміздің оқу-тәрбие жұмысындағы басты қағидасы – жаужүрек бабалар рухын кейінгі буын бойына сіңіру. Ол жас сарбаздарға Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов және Сұлтан Баймағамбетов сияқты батырлар ерлігін үнемі үлгі етеді.
«Бүгінгі ұрпақ тәуелсіздікке қол жеткізуге, оны нығайтуға үлес қосқан тұлғалардың да есімдерін білуі тиіс. Мысалы, Жұмабек Тәшенов, Дінмұхамет Қонаев және тағы басқа да аталарымыз жөнінде арнайы сабақтарымыз бар. Мемлекет іргесін бекіткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегін де айтып отырамыз. Жас сарбаздардың бойынан асқақ патриоттық рухты байқаймын, сол мені қуантады. «Кешегі батырлардың қаны біздің де бойымызда бар» дейтін жастарымыз бар. Міне, осындай жақсы азаматтар өсіп келеді», – дейді Д.Әбілмәжінов.
Оның пікірінше, коронавирус індетімен күрестегі әр әрекет – Отанды қорғау. Сондықтан, әр азамат ерлік істеп көзге түсе алады деп санайды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓