Жалпы қалалық сенбілікке қатысайық!
30 сәуір күні облыс орталығында мереке қарсаңындағы жалпы қалалық сенбілік өткізіледі.
Қостанай қаласының әкімдігі кәсіпорындар мен ұйымдардың, оқу орындарының басшыларын, көп қабатты үйлердің тұрғындарын, барлық қостанайлықтарды мамыр мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған қала аумағын көркейту және санитарлық тазалық күніне жаппай қатысуға шақырды.
Сапалы маман даярлау – басты мақсат
Рудный көлік және құрылыс колледжінде “Құзіретті мамандар даярлаудағы әлеуметтік серіктестердің рөлі” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Облыстық білім басқармасы, техникалық және кәсіптік білім берудің өңірлік ғылыми-әдістемелік орталығы мен жергілікті кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, әлеуметтік жауапкершіліктің маңызы мен дуальді оқыту жүйесін енгізу сияқты өзекті сұрақтар талқыға салынды.
“Қолөнер сиқыры”
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Қолөнер сиқыры” көрме-байқауы өтті.
Мұндай көрме жыл сайын өтіп тұрады. Оған қостанайлық кесте тігуші шеберлер белсене қатысады. Бұл шара “Квадрум” багет шеберханасымен бірлесіп ұйымдастырылады. “Квадрум” багет шеберханасының директоры А.Нам қостанайлық кестешілердің шеберханаға әкелген тамаша жұмыстарын тәнті болып, бұл жұмыстарды жұртшылық назарына ұсынып, өзара тәжірибе алмасатын көрме ұйымдастыруды қолға алды.
Данқты батырды еске алды
Бүгін Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағамбетовты еске алуға арналған “Батырлар жолымен” деп аталатын іс-шара басталды.
Оған қатысушылар Қостанай-Әулиекөл тас жолымен жүгіріп өтті. Сондай-ақ аудан орталығындағы С.Баймағамбетов мектеп-гимназиясында батырды еске алу шаралары ұйымдастырылды.
Полицейлерге арналған автомобильдер
Облыстық ішкі істер департаменті “Агромашхолдинг” акционерлік қоғамынан полицейлерге арналған жиырмадан астам автомобиль сатып алды.
Республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері “Агромашхолдингте” болып, кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерін атап өтті. “Агромашхолдинг” АҚ ҚФ директоры Сергей Могилатов 2014 жылы тәртіп сақшыларының осы кәсіпорыннан шыққан “Пежо” және “Шанс” негізінде жасалған жиырмадан астам автомобильді алғанын айтты.
“Актовегин” дәрісінен қауіп жоқ
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін қолдануға уақытша тыйым салынған даулы “Актовегин” дәрілік препаратын қауіпсіз деп тапты.
Австриядан шығатын дәріні Ұлттық сараптама орталығы зерттеп, оны нормативтік құжаттарға сай деген шешім шығарды. Бұл туралы Ұлттық сараптау орталығының мамандары мәлімдеді.
Жиырма үш адамды кене шаққан
Қостанай қаласында кене шағып алған 23 адам дәрігердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған, оның он бірі 14 жасқа дейінгі бала көрінеді.
Санитарлық мамандардың айтуынша, сәуір мен мамыр айлары кененің нағыз көбейетін шағы, сондықтан кез келген адамның бұл мәселеге сақтықпен қарағаны жөн. Сондай-ақ, мамандар кене шағып алған жағдайда уақыт өткізбей, дереу дәрігерге қаралуды ескертеді.