Екі күдікті ұсталды
Қостанай қаласындағы “Казахювилер” дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған бес адамның екеуі екі жылдан соң Астанада қолға түсті.
2012 жылдың қарашасында ағайынды Байдәулетовтер мен Ғабит Искаков, Дәулет Әлібаев, Илья Соловьевтен құралған қылмыстық топ қаламыздағы “Казахювилер” дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған болатын. Сатушы қыздың дер кезінде шақырту тетігін басуының арқасында полицейлер сол күні оқиға орнынан атшаптырымдай жерде Ерлан Байдәулетов пен Илья Соловьевті қолға түсіреді. Қылмыскерлер “қарақшылық” және “лаңкестік актісі жөнінде жалған ақпарат тарату” бойынша жауапқа тартылып, 10 жыл бас бостандығынан айырылған еді. Себебі, сол күні “Астықжан” сауда үйіне жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпарат таратып, барлық күш құрылымдарын әбігерге салған да осы қылмыстық топ мүшелері болатын.
Енді міне, екі жылдан кейін облыстық ІІД-нің Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері іздеуде жүрген үш қылмыскердің екеуін Астана қаласында қолға түсірді. Қазіргі уақытта күдіктілерді Қостанайға этаппен әкелу мәселесі қаралуда.
Қарлығаш Оспанова