Мәселенің бәрі маңызды

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Әулиекөл ауданы ежелден жайқалтып егін егіп, мыңғыртып мал өсірген берекелі өңір. Облыс орталығына жақын болған соң мұнда көшіп келушілер де аз емес. Соның есебінен халықтың саны өсті. Оларды жұмыспен, үй-жаймен қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешу аудан басшыларының алдында тұрған басты міндет. Осы жылдың он айында атқарылған жұмыстардың барысы туралы есеп берген аудан әкімі Ерлан Теменов алдағы ой-жоспарлар-ын  да бөлісті.
 
Шаруасы алға басқан…
Биыл  аудандағы  ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс саласында өндірген  өнім көлемі 61 млрд теңгеге жеткен. Бұл былтырға қарағанда көп-көрім жоғары көрсеткіш.  Жыл соңына дейін өндірілген өнім көлемі 80 млрд теңгеге жуықтайды деп отыр аудан басшысы. Аудан диқандары биыл 294 мың тонна астық жинап алды. Гектар берекелілігі орта есеппен алғанда 13,4 центнерден айналды. Түсім өте жоғары. Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау үшін "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 1 млрд 770 млн  теңге сомасында кредиттік қаражат бөлген. Бұдан бөлек, тоғыз  шаруашылық "Азық-түлік корпорациясы ҰК" арқылы 20,7 мың тонна  ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға қатысып,  1 млрд 133 млн теңге қаржы алған.  Бүгінгі таңда  барлық қаражат 100% қайтарылды. Әулиекөлдік шаруалар  жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге  100-ден астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Машина-техника паркі біршама жаңарған.  Мал шаруашылығында да ілгерілеу жоқ емес.  Аудан бойынша  18612 қара мал болса, соның 3771-і асылтұқымды. Өңірде түлікті тұқымдық бағытта түрлендіру жұмыстары ұдайы жүргізіледі. "Диев" агрофирмасы, "Москалев", "Тимофеев-агро", "Әулие би", "Сұлукөл", "Алтынбел" "Инспек" тәрізді ірі серіктестіктер ірі қара өсіруде жетекші орынға ие.  Биыл шаруашылықтар мыңға тарта ірі қара сатқан.
                                
Нәсіптің кілті – кәсіпте
Экономиканы дамытудың негізгі тетіктерінің бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Ауданда 1722  шағын кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді.  Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде 148 млн теңгеге бағаланған 21 жоба қолға алынып,  22 жұмыс орны ашылған. Жеке кәсіпкерлердің өзі  252 тоннадан астам өнім,  82 мың жұмыртқа өндірді. Бұдан бөлек, ауданда жеке инвестициялар есебінен 500 млн теңгеге Streed – food қоғамдық тамақтану орны  бар көтерме-бөлшек сауда орталығының құрылысы  басталды. "Аян-озат" ЖШС иелігіндегі жаңа нысан ашылғанда қосымша 30 жұмыс орны пайда болмақ. Ал,  "НҰРЛАНД" ЖШС құны 300 млн теңге тұратын  газ құю станциясын ашты. Онда  келушілерге  кафе, намазхана, шағын  базар, ақылы душ  қызмет көрсетеді.  Мұнда 11 адам жұмыс істейтін болады.  Енді келесі жылы  Әулиекөл мен Аманқарағайда 4,1 млрд теңгеге алты жаңа әлеуметтік жоба ел игілігіне айналады. Айтпақшы, Әулиекөл кентінде көптен бері тұралап қалған  " Әмит Ишан " мешітінің құрылысы аяқталып, қараша айында пайдалануға берілді.
                            
Табиғи газға сұраныс көп
Ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартудағы ауқымды жобалардың бірі – елді мекендерді газдандыру бұл өңірде біртіндеп шешімін тауып келеді. Биыл Әулиекөл ауданында жалпы құны 8,5 млрд теңге болатын үш  ірі инвестициялық жоба қолға алынды. Соның арқасында орталыққа жақын орналасқан ауыл тұрғындары көгілдір отынның қызығын көрмек. Мәселен, Чернигов ауылы арқылы Құсмұрын кентіне газ құбырын тартуға  5 млрд теңге жұмсалмақ. Әзірге 24 шақырымдық құбыр салынды. Жоба келесі жылы аяқталады.  Сондай-ақ, Құсмұрын кентінің ішінде газ тарату желісін салу жөніндегі жобасы  мемлекеттік сараптамадан өтті. Ол 2023-2024 жылдары іске асады.  Әулиекөл ауылынан Новоселовка – Диев бағытында жалпы ұзындығы 56 шақырымдық газ құбырының жоспары да күн тәртібінде тұр. Ендеше,  бұл ауылдардың тұрғындарының да табиғи газға қарық болатын күн алыс емес. 
                           
Су – тіршілік нәрі
Су демекші, Әулиекөл өңірінде әлі сапалы ауыз суға қолы жетпей отырған елдімекендер бар. Жақын-жуықта аудан басшылары бірқатар ауылға су құбырын тартып бермекші. Биыл  Аманқарағай, Новонежин ауылдарына су құбырларын салу жұмыстары аяқталды. Бүгінде аудан халқының  64%-і  сапалы су ішіп отыр.  Яғни, аудандағы отыз үш  елді мекеннің жиырма бірі  сумен қамтамасыз етілген. Оның  ішінде он бір  ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталса, он ауылда  су тарату пункттері орнатылған. Алда Новоселов, Юльев, Первомай және Көктал  тәрізді төрт  ауылда су тазарту және тарату пункттерінің құрылысы жүргізілетін болды. Әзірге жобалық-құндық құжаттары дайын тұр. Аталған су тарату пункттерін салғанда,  аудан тұрғындарын ауыз сумен  қамту 82% – ке артпақ. 
                
Жұмыс та, жоспар да ауқымды        
     "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасы аясында Островский атындағы Аманқарағай орта мектебі күрделі жөнделді. Құсмұрын кентіндегі Серіков, К.Маркс, Теміржол, Калинин тәрізді  төрт  көшенің жолдары қалпына келтірілді. Бүгінде  қазынадан  1,8 млрд теңге бөлініп, облыстық маңызы бар "Әулиекөл – Жалдама"  тас жолы жөнделіп жатыр. Әзірге 33 шақырымдық жол дұрысталды.  Көктал ауылына  Қарағансай өзені арқылы өтетін  көпір де жаңа кейіпке енді.  Құны 579 млн  теңгеге бағаланған  "Лаврентьев – Первомайский – Приозерное – Большая Чураков" және құны 142 млн теңге болатын "72-ші разъезге кіреберіс" тәрізді аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу жобаларына ведомстволық сараптамалар алынды. Жалпы, қазір жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар жолдардың үлесі 85%-ке тең.  Мұның сыртында ауылдарды абаттандыру, елді мекен көшелерін жарықтандыру сияқты бірқыдыру жұмыстар қолға алынып, ойын алаңдары орнатылды. Айта берсе, ауданда он айда атқарылған  іс көп. Ерлан Теменов келесі жылы тағы бірталай ауқымды жобалар – құрылыс нысандарын салу, су, газ тарту тәрізді жұмыстар күтіп тұрғанын айтады.
 
Біздің сауал
–  Жас мамандарды жұмысқа орналастыру, оларды тұрғын үймен қамту қашанда өзекті. Өйткені, өңірлерде мамандар қат. Әсіресе, медицина саласында тапшылық  байқалады. Сіздің ауданда бұл мәселе қалай  шешіліп жатыр?
– Біздің ауданға күні бүгін онколог, неанатолог,  балалар дәрігері, акушер-дәрігер, төрт дәрігер керек сияқты. Біздің ауданға келіп, жұмыс істеймін деген мамандарға жағдай жасалады. Мәселен, былтыр бой көтерген 18 пәтерді үш қабатты үйден дәрігерлерге бес пәтер әпердік. Келесі жылы облыстық бюджеттің есебінен тағы алты үй алатын болдық. Әулиекөлде  инсульт орталығы, Аманқарағай кентінде дәрігерлік амбулатория ашылмақ. Бұларға да мамандар қажет. Хирург-кардиолог және оған көмекші дәрігер қаладан келді. Басқа да медицина мамандары қажет. Осы мәселені шешу үшін біз үнемі бос ваканциялар жәрмеңкесіне қатысамыз. Жақында бір отбасы көшіп келді. Ерлі-зайыптылардың екеуі де дәрігер. Тағы бір дәрігер басқа ауданнан қоныс аударды. Бүгінгі таңда олардың бәрі мамандықтарына сәйкес жұмыс істеп жатыр.
– Жақында облыс әкімі мал шаруашылығын дамыту үшін  қой, жылқы өсіру, шошқа фермасын салу сияқты салмақты жобаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.  Бұған мүмкіндік қандай?
– Келесі жылы "Тимофеев-Агро" серіктестігі 600 қара малға арналған мал бордақылайтын алаңды іске қосады. Сондай-ақ, "Инспек" ЖШС 2019 жылы 400-дей Әулиекөл тұқымды ірі қара сатып алған. Бүгінде оның саны 1400-ге жетті. "Ерлан Кәкімжанов" шаруа қожалығы келесі жылдан бастап мал бордақылайтын алаңның құрылысын қолға алмақ. 2025 жылға дейін ең аз дегенде осы үш жоба жүзеге асатындығына сенімім зор.   Оған қоса, әлгінде өзіңіз айтқан, жылқы, қой өсіру мәселесін талқылаймыз. Ауданда бір мың қой немесе осындай жылқы өсіруге дайын азаматтар бар.  
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓