Лисаковтықтар қала күнін тойлады
Өңір басшысы Нұралы Садуақасов арнайы барып, әуелі өндірісі қанат жайып келе жатқан шаһардың бірқатар нысандарын аралады. Жаңадан ашылған спорт алаңымен танысты, жас спортшыларымен кездесті. Сәтбаев, Мир көшелерінің жөнделу жұмыстарын көрді. "Тобыл балық" ЖШС-гі жаңадан қолға алғалы жатқан балық өнімдерін шығару жобасына өз қолдауын білдірді. Қаладағы мектеп-гиназияның күрделі жөндеуін пысықтаған әкім, құрылыстың тездетіп тапсырылуын қадап айтты.
Кешқұрым мерекелік шара өткізі-летін орталық стадионға халық лық толы болды. Спорт нысанын жағалай тігілген кигіз үйлер мен сауда нүктелері, балалардың ойын алаңдары, жан-жағын қаумалаған мәз-мейрам халық пен асыр салған балғындардың сәби күлкісі лисаковтықтардың қала күнін көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алғанын білдіріп тұрғандай әсерде қалдырды. Алаң ортасында шерушілерді күткен жасөспірімдердің қатары салтанат құрған. Өнерлі ұрпақтың әр қимылын қалт жібермей бақылап тұрған халық алдағы қызықты көрініске алаңдаулы. Міне, жергілікті цирк өнерінің майталмандары ортаға шықты. Қос жігіт құрылған сатымен биікке өрмелеп, қыл арқанның үстімен алма-кезек жүгіріп өтті. Арқан үстінде би билеп еркін сальто жасады. Ол – ол ма, білекті жандар шеге мен шойынды майыстыруды бұйым құрлы көрген жоқ.

Мейрам барысында облыс басшысы Нұралы Садуақасов қала тұрғындарын мерекелерімен құттықтады. Павел Сидорчукқа "Лисаков қаласының құрметті азаматы" атағын табыс етті. Ең үздік аула, Лисаков аруы байқауларының жеңімпаздарын марапаттады. Жергілікті өнерпаздар мен облыстық Е.Өмірзақов атындағы филармония әртістері, Мәскеуден арнайы келген әнші Светлана Разиналар өз өнерлерін көрсетті. Спорттың түр-түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Қала күні мерекелік от шашумен аяқталды.
Айбек
ЖҮЗБАЙ