Дауыл ауылды жайпап кетті
Табиғи құбылыс бірнеше ғимаратқа күл-талқанын шығарған, бірнеше нысанның шатырын жұлып әкеткен, тіпті 24 метрлік темір телемұнараны сұлатып түсіріп, арпа мен бидай егілген 2 мың гектар егістік даласын жайпады. Сонымен бірге, ондаған электр желілері мен 800 метр сымға зардап тиген.
«Рамазан-Қарасу» ЖШС машина-тракторлық шеберханасының күзетшісі Александр Волков өзінің сол кездегі үрейін жасырмай айтады.
– Ақырзаман келді ме деп ойладым, бұрын-соңды мұндай алапатты көрмедім,-дейді ол. – Ғимараттан бірнеше метр қашықтықта болсам да, әрең жеттім. Сырттан гүрсілдеген, тарсылдаған дыбыстар естілді. Бәрі кенеттен басталып, кенеттен аяқталды. 15 минуттан кейін далаға шығып, таң қалдым.
Дегенмен, ТЖ мамандары болған жайды төтенше жағдай деп атауға келмейтінін айтуда. Синоптиктердің айтуынша, табиғаттың бұл құбылысы суық ауа массаларының жылжуының нәтижесінде болған. Қарамырза ауылында болған желдің күшін анықтау мүмкін емес, себебі онда метерологиялық станция жоқ.
Табиғаттан келген шығындарды ауыл тұрғындарына жергілікті биліктің өтеу-өтемеуі әлі белгісіз. Дегенмен, зардап шеккен орындарды қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр.