«Тың игеру жылдары жергілікті жердің жағдайымен ешкім санасқан жоқ»

АӘбдікәрім Бәйекенов өзінің алғашқы еңбек жолын сонау 1960 жылдары, Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерудің нағыз өріс алған шағында бастады. Сондықтан оның тың тақырыбы төңірегінде айтары аз емес. Ұзақ жылдар бойы ауылшаруашылық саласында қызмет істеген Әбдікәрім Мағзұмұлын біз әңгімеге тартқан едік:
– Әбдікәрім аға, биыл Қазақстанда тың және тыңайған жерлердің игеріле бастағанына аттай алпыс жыл толды. Сіз де сол тың игерудің шет жағасын көрдіңіз ғой. Сол кезде жасыңыз нешеде еді?
– Елімізде алғаш тың игеріле бастағанда мен 12-13 жасар баламын. 1961 жылы біздің Қостанай ауданы – екі ауданнан енші алып, өз алдына бөлек отау тікті. Оған дейін Затобол ауданы  болған. Ауданға Тобыл өзенінің арғы бетінде Белозерден бастап Владимировкаға дейінгі аумақ қарайтын. Сол кезде біздің үй "Белозер" кеңшарының маңында тұрды. Бұл өзі "Молотов, "Донбасс-Сергеевка", "Калинин-Балықты" тәрізді үш ұжымшардың негізінде құрылған шаруашылық қой. Бала болсам да әлі есімде, тың игеру жылдары біздің ауылға жан-жақтан адам деген ағылды. Бірсыпыра техника келді. Онда менің әкем жылқы бағатын. Тың басталғанда енді жылқының керегі жоқ деп, әкемді пошта тасушы қып қойды. Бір-біріне жалғасқан үш бөлмеде әкем, шешем, апам төр-теуміз тұрамыз. Күзге салым кеңшар директоры әкеме келіп, біздің үйге 11 солдатты орналастыруға уәделесіпті. Ауылда жатақхана деген атымен жоқ, әлгі солдаттарға үйдің төргі бөлмесін босатып бердік. Әлгілер сонда тақтайдан қиып,сәкі жасап алды. Сөйтіп, бір қыс бойы біздін үйді паналап шықты. Әкем мен шешем жаңағы соқталдай жігіт-тердің су-су болған шұлғауларын кеш-құрым пешке жайып, кептіріп қояды. Келесі жылы жазда тың игеруге жәрдемдесуге келген солдаттардың бес-алтауы ғана біздің ауылда қалды. Қалғандары елдеріне оралды. Ауылдағылары жергілікті қыздарға үйленді. Кейін Николай Кучеров, Николай Амельченко, Иван Михайлович, Александр Крысин, Трущников деген жігіттер трактор, машина рөліне отырып, кеңшарда жұмыс істеді.
– Кейде үлкен кісілермен әңгімелескенде, ауыр еңбек ерте есейтті деп жатар еді. Соғыстан кейінгі қиын кезеңдер жас-кәрі деген жоқ, шаруашылық жұмыстарына жекті емес пе. Мұндай бейнеттен Сіз де шетқақпай қалмаған шығарсыз…
– Әрине. Ол кезде үш ай демалысқа шыққан балалар қарап отырмайтын еді ғой. Қыс өткесін ауылда құрылыс жұмыс-тары қыза түсті. Күйдірілген кірпіш болмаған соң, құрылысқа қамыс пен саман пайдаланылады. Мен екі жыл бойы, жаз-ғы демалыс уақыттарында саман құйдым. Оның да әдісі бөлектұғын, үлкен оп қазып, оны атпен айдайды. Кейін ауылға техника келгесін, әлгі аттардың жұмысын тракторлар атқаратын болды. Колхоздың сиырын да бақтым. Тыңға келген Анатолий Казинец және Михаил Городович деген беларус жігіттері болды. Үшеулеп жүріп, табын-табын сиырды өріске шығаратын едік. Саша жетім өскен бала. Шешесі екеуі осында келіп, ержеткен соң үйленді. Жап-жақсы тракторшы болды. Кейін БАМ-ға жіберген. Содан хабар-ошарсыз кетті. Ал Мишка Городович әскерге барып, сол жақтан  еліне оралды деп естимін.
"Белозер" кеңшарында аз үйлі жергілікті қазақ отбасылары тұрды. Солардың бірі менің немере ағам – Мұқаш шаруашылықта жұмысшылар кооперативінің төрағасы, комсорг болып қызмет істеді. Орынбай Амантаев дейтін ағамыз шопыр болып еңбек етті. Назархан Наретов деген жігіт те көлік жүргізіп, тың игеруге шама-шарқынша үлес қосты.
Айтпақшы, солдаттар кеткен соң, бір жылдан кейін біздің үйге кеңшарда парторг болған Сомсонов деген кісі отбасымен қоныстанды. Сол кісі мені бухгалтерлік оқуға үгіттеп, ақыры сол жылы Қостанайдағы он айлық есеп-бухгалтерлік мектепке түсіп, оны бітірген соң, 1960 жылы кеңшардың трактор-егіс бригадасында есепші болып еңбек жолымды бастадым.
shtz_nami_stz_31956 жылы егін өте бітік шықты. Оның бітік шыққаны сондай, "Белозердегі" бесінші бригаданың егіні түгел жиналмай, шіріп кетті. Әлі күнге дейін сол бір көрініс көз алдымда. Ол кезде техника аз. Өгіз арбамен қыстай тасыды, Бірең-сараң бір жарым тонналық (полуторка) машиналардың өзі ештеңеге үлгермейтін.
– Аға, тың игеру жылдарының көлеңкелі тұстары жәйлі соңғы кезде жиі айтылып жүр. Осы дұрыс па әлде бұрыс па?
– Қазір енді тыңға әркім әртүрлі баға беріп жүр ғой. Рас, тыңның Қазақстанға зияны да, пайдасы да болды. Пайдасы – теріскейде үй құрылысы жанданды, нешетүрлі нысандар тез бой көтерді. Ауруханалар, мәдениет үйлері көптеп салынды. Сонымен қатар тигізген зиянын да естен шығаруға болмайды. Ел ішінде ұрлық-зорлық, қылмыс көбейді.
Белозерде тың игеруге дейін келген өзге ұлттың өкілдері басым болатын. Бірақ, ерте де сол орысы болсын, қазағы болсын, түні бойы есіктерін кілттемейтін еді. Біржаққа кетсе есік алдына сыпыр-ғыш тастап кетеді, көлденең. Сыпырғыш жатыр, демек үйде ешкім жоқ деген сөз. Кірмейді. Ал тың игеру қалай басталды, солай жұрт есігін құлыптап алатын болды. Өйткені, ауыл-үйдің арасында ұрынарға қара таппай жүргендер көбейді
– Сол жылдары Қазақстанның солтүстігіндегі шөбі шүйгін, шұрайлы жерлер бей-берекет жыртылды деген мәліметтерді де аз кездестірмейміз. Бұған нендей уәж айтасыз?
– Иә, үйдің іргесіне дейін, шөкімдей жер қалдырмай жыртып тастады. Кезінде кеңшарларды ұйымдастыру мемлекеттік жоспар бойынша жасалды. Мәселен, жоғарыда, Мәскеуде немесе Алматыда отырғандар бәленше деген кеңшардың құрамына түгенше ұжымшары кіреді, пәлен гектарды жырту керек деп сырттан тон пішеді. Көбісі жергілікті жердің жағдайымен санаспайды да. Солардың сызып берген дайын картасымен мұндағы агрономдар әй-шайға қарамай жерді оңды-солды жырта берген ғой. Қазір Сарыкөл ауданына қарайтын І.Омаров атындағы кеңшардың (бұрын Алтынсарин ауданына қарады) "Қызыләскер" бөлімшесі болды, қара жолдың бойында. Онда Степное деп аталатын. Ол жер құмдауыт жер. Бірақ, оған ешкім мән берген жоқ, топырақтың астын үстіге келтірді. Ақыры ол жерден ештеңе өнбей, құм басып қалды. Кейін сол араға ағаш егіп, қазір ғой жайқалған ну ор-  манға айналғаны.
– Тұсында бүкіл одақтық науқанға айналған осы алып жобаға біздін қазақ та қал-қадірінше үлес қосты. Бірақ, бұл туралы аса көп айтыла бермейді. Соған қарағанда бұған да үлкен саяси мән берілген сияқты. Әлде олай емес пе?
– Мүмкін солай шығар. Көбіне сырттан келгендерді көп дәріптеді ғой. Әйтсе де жергілікті қазақтар тыңға едәуір екпін беріп, сырттан келгендерден кем жұмыс істеген жоқ. Алайда, олардың қатары мейлінші аз еді. Менің Мұқаш, Зәкәрия деген ағаларым қырманда жұмыс істеді. Олардың аттары көп жағдайда айтыла бермейді. Менің өзім қамыс тасып, саман құйып қолғабыс еттім. Ол да жұмыс қой. Бірақ, жұмыс жасына жеткен жоқ деді, әйтеуір ескерусіз қалды…
Біздің Белозерде, Таран ауданына қарасты Покров селолық округінде, Балықтыда орыс-немістер өте көп болды. Маңайдағы елдімекендерде тұратындардың 70 пайыздайы орыс, украйндер болатын. Олардың көбі 19-ғасырда әйгілі П.Столыпиннің реформасымен жер ауып келген шаруалар. Менің шешем екі сиыр сауды. Үйден сүт, айран үзілмейтін. Осыны білетін менімен құралыптас орыстың балалары: "мамка, айран бар ма?" – деп біздің үйден айран ішеді. Әлі есімде, Федоренко, Абраменко, Цукан дейтін көп балалы кісілер бізбен көрші тұрды. Жергілікті қазақтардың олардан үйренгендері көп.
– Әбдікәрім аға, осыдан алпыс жыл бұрынғы тың игеру дәуіріне бүгінгінің биігінен көз салайықшы. Сіз сол кезеңдерге қандай баға берер едіңіз?
– Дұрыс деп бағалаймын. Өйткені, осы тыңның арқасында құрылыс келді. Қаншама жол салынды. Асфальт төселді. Тек асығыстық болды. Жергілікті жерлерді зерттеп барып, қолға алу керек еді. Сол білместіктің арқасында малдың басы кеміді. Бұл бір. Жаңадан құрылған кеңшарларды жобалағанда көп қателіктер кетті. Соның нәтижесінде көптеген кеңшарлар суы жоқ жерге, батпақты жерлерге салынды. Мәселен, Маяковский атындағы кеңшарды алайық, Арыстанкөлдің жағасын қазір Крысин деген фермер жайлап отыр. Кезінде ол ара қазақтардың ауылы болған. Суы мол, жері құмақ жер еді. Ал көлдің арғы беті батпақ, сол жерден болашақ кеңшардың қазығын қақты. Ол кезде орыстар жергілікті қазақтардан шошыды ма, әйтеуір кемінде екі-үш шақырым қашыққа барып орналасатын. Сол сияқты Аққұдық деген жерде қазақ отбасылары тұрды, соған қарамай жаңа кеңшардың іргетасы қазіргі "Белозерде" қаланды. Екі ара үш-төрт шақырымдай. Сырттан келгендердің көбі жер жағдайымен ешбір санасқан жоқ. Көп елдімекендер суы қашық жерлерге салынды. Соның зардабын тұрғындар әлі тартып келеді.
– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат- тасқаныңызға рахмет!
Айбек
      КӘДІРҰЛЫ
Суретте: Қостанай қаласының тұрғыны Әбдікәрім Бәйекенов.
Сурет Ә.Бәйекеновтың жеке мұрағатынан алынды.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓