Туризм саласын дамытуды көздейді
Алтынсарин ауданында жаңа демалыс саябағы ашылмақ. Оған ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі беріледі. Бұл туралы аудан әкімі Батырбек Ахметов журналистермен болған баспасөз мәслихатында айтып берді.
Жалпы, бұл өңір туризмді дамытуға аса қолайлы. Бұрала өскен қарағай мен қайыңы аралас сыңсыған ну орманды боп келетін аймақта бірнеше емдеу-сауықтыру орындары бар. Солардың қатарын енді «Ормандағы ауыл» деп аталатын жаңа демалыс орыны толтыратын болды. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асқалы отырған жаңа жобаға 106 млн.теңгеден артық қаржы жұмсалады. Демалыс орны 50 адамға арналмақ.
Аудан әкімінің айтуынша, осындай екі ірі жобаны іске қосу үшін құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді. Оның бірі – монша мен үйлер салуға қажетті ағаш материалдарын дайындауға қатысты, екіншісі тұрмыстық жиһаз істейтін цех. Негізі, ауданда жеке кәсібін ашқысы келетін азаматтар аз емес. Бірақ, банк несиесіне қол жеткізу қияметтің қайымы. Бітпейтін көп құжат, кепілдік мүлік мәселесі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндердің қолын байлайды. Мәселен, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алтынсариндіктер биыл 439 қара мал сатып алуды жоспарлап отыр. Алайда, күні бүгінге дейін тек 78 ірі қара ғана алынған. Тағы екі шаруашылық 230 бастан мал сатып алуды көздеп отыр. Сондай-ақ, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 440 бас қой әкелінеді. Бұл өз кезегінде өңірде ет,сүт өндіру саласын дамытуға септігін тигізеді.
-Мемлекет көмегіне жүгінгісі келетін азаматтардың көбінің несиелік тарихы сын көтермейді.Екіншіден, банк кепілдік мүлікке қатаң қарайды, мәселен, үш миллион несие алатын болсаңыз, кем дегенде жеті миллион теңгелік мүлігіңіз болған жөн.Міне, осындай қиындықтар бар, дейді Батырбек Мықансалықұлы.
Аудан басшысы брифингте үстіміздегі жылдың алғашқы бес айының қортындысы бойынша Алтынсарин ауданының экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштеріне жан-жақты шолу жасап, бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.