Ұрпағыңа тас атпа!
Елімізде жыл сайын 170 мыңнан астам сәби жасанды түсіктің құрбаны болуда. Бұл – ресми тіркелген дерек. Тіркелмегенін есептей беріңіз. Ал, біздің облысымыздың қыз-келіншектері осы жарты жылдықта 2500-ге жуық аборт жасатып үлгірген. Егер, 2013 жылғы ресми айғақ бойынша облыстағы аборт саны 5575 болса, қазір көңіл көншіте қоятын оң құбылыс байқалмайды.
Осы орайда көкейтесті сұрақтарға жауап іздеп Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас акушер-гинекологы Иван Абрамович Янценге жүгінген болатынбыз.
– Иван Абрамович, белгілісі, еліміздегі демографиялық ахуалға тым қуана алмаймыз. Соның бір себебі ретінде мына тоқтаусыз жасалып жатқан жасанды түсіктерді айтуға болар. Әуелі осы медициналық тұрғыда, жасанды түсік дегеніміз не? Оның жалпы әйел денсаулығына қандай зардабы бар?
– Иә, сұрағыңыз орынды. Жасанды түсік деп ұрықты жатыр қабырғасынан қырып алып тастауды айтады. Әйел жатырының ұрыққа жақын ішкі шырышты қабатында қырып алынған орын жараға ұласып, ауру мүшеге айналады. Түсіктен кейінгі жүктілік-терде бала жолдасының дұрыс орналаспауы жатырдың жасанды түсік кезінде зақымданғанынан болып жатады. Себебі, ұрық жатырдан өзіне ыңғайлы орын таба алмай, орналасуы жайсыз болады.
Түсік тастаудың ең қауіптісі – мерзімінен асып кеткен жағдайда жасалатын түсік. Оның ақыры түрлі гинекологиялық және қа-терлі ісік ауруларына, сондай-ақ бедеулікке алып келеді. Жалпы әлемде жыл сайын 1 миллион жасөспірім қыз жүкті болып, көбі жасанды түсік жасату мен босану үстінде қайтыс болады. Себебі, әлі толық жетілмеген жас ағза төтеннен киліккен салмақты көтере алмай қалады.
– Иә, шынында да жан түршігерлік деректер екен. Енді өзіңіз осы істің маманысыз. Жалпы, сізге жүгінген бойжеткендерге, әйелдерге өз кеңесіңізді беріп, райынан қайтаратын кездер болды ма? Әлде, олардың айтуы бойынша тілегін орындайсыздар ма?
– Әрине, жалпы барлық дәрігерлердің міндеті бас салып аборт жасап тастау емес. Біз ең алдымен өзімізге келген жас аналармен сөйлесеміз. Бұның денсаулыққа зияндығын айтып, неліктен мұндай қадамға барып жатқан себептерін сұраймыз. Тіптен, ата-анасын шақыртып та шағын әңгімелесу жүргізетін кездер болады. Жалпы, өз тәжірибемнен айтатын болсам, осындай әңгімелесудің арқасында 100-ге тарта әйел жасанды түсіктен бас тартып, сәбилерін дүниеге әкелген болатын. Біздің облысымызда жыл сайын 5000-нан 6000-ға дейін аборт жасалады. Олардың 10%-ы бірінші жүктілікті бұзатын әйелдер.Кейде кәмелетке толмаған қыздар, студент бойжеткендер де келіп жатады. Әрине, олардың жағдайы өте қиын. Себебі, ең бірінші ата-анасынан қорқатын болса, екіншіден өзінің білім алып жатқан ортасына мазақ болудан қорқады. Мұндай бойжеткендер өздеріне қол жұмсауға бейім келеді. Сондықтан қанша райынан қайтаруға тырысқанымызбен, өздері көнбей тұрса, амал жоқ өмірлерін сақтап қалу үшін жасанды түсік жасауға тура келеді. Бірақ, бұл дұрыс шешім емес.
– Қалай ойлайсыз, жасанды түсік жасатуға жас аналармен, жасөспірім қыздар не үшін барады?
– Әрине, жауап қарапайым. Біріншіден, ол – жоспарланбаған бала. Немесе, жастар арасында түсініспеушіліктер болуы мүмкін. Көбінесе ер-азаматтар тарапынан қарсылықтар болып жатады. Жастар жағы болашақтарын ойламай, жақындасып қояды. Сонан соң, қыздың аяғы ауырлығын білген жігіт жауапкершіліктен қашқақтайды. Амалы қалмаған қыз, ата-анасын ойлайды, оқуын ойлайды, сөйтіп шарасыз күйде қалған соң бізге келеді. Бірақ, қазір отбасындағы азаматшалардың өзі де бір баланы дүниеге әкелгеннен соң, одан кейінгілері-не аборт жасатуды бастайды. Бұрынғы кезде біздің әжелеріміз-де, аналарымыз да бала саны 6-7-ден кем болмаған. Ал, қазіргі жастар бір баланың өзін ауырлық көреді. Тіптен көп балалы аналарды арнайы бір кітапқа енгізу керек шығар деп ойлаймын. Ал, екіншіден әлеуметтік жағдайға кеп тіреледі ғой. Барлығы да жағдайларының жақсы болғандарын қалайды. "Зәулім үйіміз болса, жеке-жеке автокөлігіміз болса" деп армандамайтын адам кемде кем шығар?! Қаржының жеткілік-сіздігі де шынбайға батады. Бірақ, "Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі" деген сөз де бар емес пе?! Сондықтан, іштегі өз бауыр еті баласын өлтіруге өзім түбегейлі қарсымын. Кейде Мемлекет тарапынан көмек жетіспей жатады. "Өзім аяққа тұрамын"деп талпынған азаматтарға көмектессе, оларға бір демеу болар еді. Бір жағынан жас отбасыларға жаңа пәтер беру жобасы бар. Бұл өте жақсы бастама.
– Кейбір ақпараттарда өзге елдердің жасанды түсік жасатуға мүлдем қарсылық білдіріп, медицинадан алдырып тастағаны жөнінде естідім. Бұл қаншалықты рас? Ал біздің елімізде осындай бастамалар көтерілді ме?
– Иә, жасанды түсік жасатуға тыйым салған мемлекеттер бар. Тіптен, сондағы әйелдер Германияға, Белоруссияға дейін барып аборт жасатып жатқандар да барын естігем. Бірақ біздің елімізде бұл іс әлі бұғауланған жоқ. Заң жүзінде тыйым салса, бұл еліміз үшін оң қадам болар еді.
– Түсік жасатудың қандай түрлері бар?
– Аборт жасатудың түрлері көп. Хирургиялық жолмен, дәрілермен. Кейінгі кездері осы дәрімен түсік жасау сәнге айналып кетті. Аптекадан барып сатып ала салады. Ол дұрыс емес. Ең алдымен, ол үшін дәрігерге жүгіну керек. Қазір неше түрлі Қытайдан келген дәрілер шығып жатыр, оны бей-берекет қолдана беруге болмайды. Оның денсаулыққа тигізер зардабын күнделікті теледидардан да, газеттен де жар салып жариялап жатыр. Сондықтан дәрігердің нұсқауынсыз еш нәрсені өз бетімен қолданбаған дұрыс.
– Жалпы, осы жас босанған әйелдерге көмектесетін арнайы орындар бар ма?
– Әрине, бар. "Ана үйі" деген арнайы жас босанған, тұрғылықты пәтері жоқ жас аналарға қамқорлық үйі бар. Бұл еліміздің кез келген қалаларында орналасқан. 2013 жылдың сәуірінен бастап жұмыс істейтін бұл орталық жағдайы ауыр келіншектерге тегін көмек көрсетеді. Мұнда жас нәресте мен аналарға барлық жағдай жасалған. Байланыс телефондарына хабарласса, орталық қызметкерлері қол ұшын созуға дайын.
– Жақсы әңгімеңізге және берген кеңестеріңізге рахмет!
P.S. Сонымен, ұлт ұрпағын дүниеге әкелетін 19-30 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Ең бастысы – бірінші сәби, ол баға жетпес әйел бақыты!
Статистикаға жүгінсек, басқа облыстармен салыстырғанда Қостанай облысында адам саны аз екен. Жылдан-жылға адам саны кеміп барады. Сондықтан болашақ аналар, жасанды түсік жасатуды ойлап жүрген бойжеткендер, өз денсаулықтарыңыз үшін, келешек сәби үшін, Отанымыз үшін жасанды түсіктен бас тартыңыздар!
Ақбота Сақұлова,
ҚМУ 3-курс студенті.