МАЛ ҰРЛЫҒЫ АЗАЙДЫ, БІРАҚ…
Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен полиция департаменті арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында мал ұрлығы мен оны сәйкестендірудің проблемалық мәселелері талқыланды. АӨК мәселелері жөніндегі комитеттің жұмысына аудандық кәсіпкерлер палаталарының өкілдері, облыс әкімдігінің ветеринария бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ, мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының басшылары қатысты. Өңірлік кеңестің өкілі Александр Бородин бұл мәселенің маңыздылығын атап өтті.
– Ауылда мүлікті сақтау мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдар мен бизнес арасында диалог орнату қажет. Ол үшін мал иелерінің өздері шаралар қабылдауы керек. Мал ұрлығы ірі және ұсақ шаруашылықтардың қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай зиян келтіреді. Бұл үлкен мәселе. Сондықтан, мұны бірлесіп талқылауды жөн көрдік, – деді А. Бородин.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының жаңа тұжырымдамасына сәйкес бизнес мемлекет мүдделерінің басында тұр. «Кәсіпкерлер палатасы – осындай мәселелер талқыланатын және оларды шешу жолдары бар алаң», – дейді АӨК бөлімінің басшысы Саят Жүсіпбеков.
Ал облыстық ПД криминалдық полиция қызметкері, полиция подполковнигі Ерлан Шәріпов мал ұрлығы бойынша өңірдегі криминогендік жағдайдың жай-күйі туралы хабарлады.
– Үстіміздегі жылы жүргізілген жұмыстардың арқасында мал ұрлығы біршама төмендеді. Жыл басынан бері мал ұрлығының сегіз фактісі тіркелді. Оның төртеуі қорадан және төрте жайылымнан қолды болған. Барлығы жиырма төрт мал ұрланып, 8 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Қылмыстың бұл түрі өткен жылмен салыстырғанда 60% -ке төмендегенін көрсетеді. Биыл бес қылмыс ашылып, 5,5 млн.теңгеге бағаланған мал иелеріне қайтарылды, – деді Ерлан Шәріпов.
Облыстық ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Аманжол Байзақов мал ұрлығының алдын алу шараларының бірі – цифрлық технологиялар мен бейне бақылау жүйесін қолдану екенін атап өтті.
– Денисов ауданында екі жыл бойы ЖШС-нің бірінің фермасынан жас бұзаулар ұрланып келген. Бейнебақылау орнатылғаннан кейін ұрлық тоқтатылды. Бұл қылмыстың осы түріне қарсы тұрудың заманауи технологияларын тиімді пайдаланудың бір мысалы, – деді полиция подполковнигі А. Байзақов.
Сонымен қатар, облыстық ветеринария басқармасына қарасты объектілердің қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Айгүл Көшубенова биылғы 1 ақпан мен 31 мамыр аралығында фермерлер үшін «жасыл дәліз -3» функционалы қолжетімді екенін, оның шеңберінде түліктерді айыппұл санкцияларынсыз тіркеуге болатынын атап өтті. Облыста 2010 жылдан бері кейбір мал басы сәйкестендірілмеген.
Фермерлер бүгінде жануарлардың иелері үшін тегін жүргізілетін жапсырмалар тиімсіз екендігін айтады. Өйткені, тағылған бегілер жиі жоғалады. Бұл жағдайда таңбалау тиімдірек. Бірақ, бөлінген қаражат барлық сұраныстарды өтеуге жеткіліксіз.
– Таңбалау көлемін ұлғайту үшін қосымша қаражат қажет. Оларды бөлу мәселесі мәслихат сессияларында қаралады, – дейді Көшубенова.
Кеңесте мал жаю ережелерін бұзу мәселесі де қаралды. Жыл басынан бері 350-ден астам мал иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. «Бұл тұрғыда иелері, жергілікті атқарушы орган және бақташылар арасында үш жақты меморандумдар жұмыс істеуі тиіс», – дейді Александр Бородин.
АӨК мәселелері жөніндегі комитет жұмысының қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, оларды шешу үшін құзіретті органдарға жіберілетін болады.