Өндіріс өркендемей, өріс кеңеймейді
Облыс экономикасы соңғы жылдары қарқынды даму үстінде. Оны өткен жылдың көрсеткіштеріне қарап бағамдауға болады. Мәселен, өңірде өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 4,2%-ке артқан (жан басына шаққандағы индекс көлемі– 104,2%). Ауылшаруашылығында бұл көрсеткіш – 3,5%-ке тең. Сауда-саттық 5%-ке өсіпті. Экономиканың негізгі локомотиві саналатын тұрғын үй құрылысына 2016 жылға қарағанда 2,8% инвестиция артық құйылған. Осылайша, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 36%-ке өскен. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов мәлімдеді.
Былтыр барлығы 747,2 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Еңбек өнімділігі 1,2 млн теңгеге артқан. Облыстағы «ССКӨБ» АҚ (23,3%), «Варваринское» ( 59,9%), «Қостанай минералдары» (8,8%), «Комаровское тау-кен кәсіпорыны» ЖШС ( 3,5 есе) және басқа да өндіріс ошақтарында көрсеткіш жоғары. Облыс әкімі өңірдегі өнеркәсіп өнімдерінің 90% өндіріп отырған кәсіпорындарға алғыс білдірді. "Мені жан басына шаққандағы индекс көлемінің артқаны қуантып отыр. Әрине, бұл жоғарыда аталған өндіріс ошақтарының арқасы. Биылғы жылы да осы үдеден шығуымыз керек, – деді облыс әкімі.- Өткен жыл жаман болған жоқ. Сол көрсеткіштен төмендемеуіміз керек".
Дегенмен, кейбір аудандардың көрсеткіші төмен. Мәселен, Арқалық қаласы мен Алтынсарин, Федоров аудандары тиісті межеден шыға алмаған. Өңір басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша артта қалған аудан әкімдерінен жағдайды уақыт оздырмай түзеуді тапсырды.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ