Кеселмен күрес жалғасады
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысы өтті. Барлық аудан-қала әкімдері онлайн-байланысқа шыққан жиында COVID-19-ға қарсы күресуге бағытталған шаралардың тиімділігі талқыланып, атқарылған жұмыстардың есебі берілді. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс көлемінде науқастарды емдейтін 9 стационар жұмыс істеп тұр, оларда 298 инфекциялық кереует бар. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңдағы жұмыс жүктемесінің үлесі 32,2%-ға тең.
Халықты дәрілік препараттармен қамтамасыз етудің аса маңызды екенін ескере отырып, күн сайын дәріханаларды қажетті препараттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға шекті бөлшек сауда бағаларын сақтау мониторингтері жүргізіледі.
Дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында «тұрақтандыру қоры» құрылды, дистрибьюторлармен белсенді жұмыс жүргізілуде, фармацевтикалық ұйымдарға 300 млн теңгеге қайтарымды қаржылық көмек ұсынылды.
Қазіргі уақытта COVID-19 емдеу хаттамасына кіретін дәрілердің (бактерияға қарсы препараттар, антикоагулянттар, кортикостероидтар) екі айлық қоры, сондай-ақ пандемияның «екінші толқыны» туындаған жағдайда тұтынылатын жеке қорғаныс құралдары бар.
Айта кетейік, облыста бір реттік медициналық маскалар өндірісі ашылды, қуаттылығы – айына 5 млн дана.
Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, негізгі дәрі-дәрмектер қоры үнемі толықтырылып отырады, сондай-ақ дәріханаларды қажетті дәрілік препараттармен және ЖҚҚ-мен толықтыру жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады.
COVID-19-ға қарсы күрес тиімділігін арттыру үшін осы жылы медициналық жабдықтар мен санитариялық автокөлік сатып алуға шамамен 7,0 млрд теңге бөлінгенін айта кету керек. Өкпені жасанды желдету аппараттары тапшылығын жою да басты назарда. Биыл мұндай аппараттар саны 79 данамен толықты, елде өндірілетін тағы 85 аппарат сатып алу жоспарлануда. Жалпы алғанда, өңірде 267 аппарат бар. Құрылғыламен қамтамасыз ету жайы да жоспардағыша. Айталық, биыл стационарлар кереует жанына орнатылатын 60 монитор, 20 ларингоскоп, 20 дефибриллятор, 3 газ анализаторы, 5 видобронхоскоп, 170 термометр және тағы басқа құралдармен жабдықталды.
Қазан айының соңына дейін өңірге 15 цифрлық рентген жүйесі жеткізіледі, оның 10 данасы – қазақстандық өндірушіден. Сондай-ақ, 4 компьютерлік томограф, 1 МРТ, суды тазартатын 7 гемодиализ аппараты әкелінбек. Ал 10 қазанға дейін 360 перфузор мен инфузоматтар және басқа да медициналық жабдықтар мен қанды гемофильтрлеуге арналған 3 аппарат сатып алынады.
856 орындық 4 ірі стационарда оттегі желілерін монтаждауға бағытталған келісім-шарттар жасалды. Бүгінде медициналық ұйымдардың балансында 600 оттегі концентраторы бар. Сонымен қатар, аудандық ауруханалар мен қалалық емханалар үшін маммограф, 18 УДЗ аппараты, 9 операциялық үстел сатып алынды, 3 сандық рентгенография жүйесі және 2 мобильді рентген жүйесі, колоновидеоскопы бар бейнеақпараттық орталық және гастроскопы бар 10 құрылғы және басқа да медициналық жабдықтар әкелініп, ақ халаттылардың қолын ұзартпақ.
Жедел жәрдем қызметі үшін лизинг есебінен 2,2 млрд теңге бөлініп, ол қаржы елде өндірілген 50 реанимобиль сатып алуға жұмсалды. Қазірдің өзінде сатып алынған жылжымалы медициналық кешен түріндегі Yutong маркалы 10 автобустың екеуі облысқа жеткізілді. Сондай-ақ, КАМАЗ базасында өндірілетін шалғайдағы ауылдық елді мекендерге арналған 4 кешен техника қатарын толықтырады.
Облыстағы медицина мамандары да қаржылық қолдаудан кенде емес. COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне биыл наурыз-шілде айларында 11 665 медицина қызметкеріне үстемеақы ретінде 2,6 млрд теңге төленген.