Қызылшаға қарсы екпе басталады

Ақпанның 16-сы мен 28-і аралығында облыста 15-19 жастағыларға қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізіледі. Бұл туралы баспасөз мәслихатында облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары Сәуле Бәйменова мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, 2012 жылы еліміз бойынша қызылша дертіне шалдыққандар саны төрт жүзден асқан көрінеді. Ал, өткен жылы біздің облыста зертханалық расталған қызылшаның 7 жағдайы тіркелген. Аталған шара барысында қырық мыңнан астам адам-ға қызылшаға қарсы вакцина егу жоспарланып отыр. Бүгінде облыс бойынша екпе жасайтын 95 арнайы топ құрылды. Барлық білім ошақтары мен оқу орындарында түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, мониторинг жасалады, ал оның нәтижесі сәуір айында белгілі болмақ.
– Қазіргі таңда Үндістаннан әкелінген вакцина барлық медициналық мекемелерге таратылды. Егу шарасына 15 пен 19 жас аралығындағылар қатысатын болады әрі олар бұрын қызылшаға қарсы екпе қабылдамағандар. Жалпы, облыста қызылшаға қарсы екпе жұмыстары  соңғы  рет  2011 жылы жүргізілді, – дейді Сәуле Әнуарбекқызы.
Қызылша – жіті инфекциялық вирустық ауру. Бұл аурудың белгілері: бас ауырып, жөтеліп, денесі бөртіп, қызуы көтеріледі. Қызылшамен науқаспен қарым-қатынаста болған, оған қарсы егілмеген барлық адамдар ауырады. Ауру асқынып кетсе отит, пневмония, энцефалитке, ал 2 жасқа дейінгі қызылшамен ауырған балаларда бірнеше рет панэнцефалитке шалдығуы мүмкін. Ең бастысы, қызылшаға вакцина қабылдау арқылы аурудың алдын алуға болады. Себебі, бұл сырқатқа көбіне екпе алмағандар шалдығатын көрінеді. Сондықтан, мамандар дерттің алдын алуда вакцинаның тигізер көмегі орасан зор дейді. Әрі ата-аналарға балаларына екпе егуден бас тартпау керектігін де ескертеді.
Қарлығаш
         ОСПАНОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓