Жиырма алты жыл

 Соңғы жиырма алты жыл болды, Тәуелсіздіктің көк туы төбемізде желбіреп тұр!  Шүкір Аллаға.
       Ал осы жиырма алты жылда тарих-тағдыр, қадір-қасиет, болмыс-бітім тағы –тағыларды   таразыладық, сараптадық, қоясын ақтардық, айттық, жаздық, көрсеттік. Сана-түйсігіміз сауығып, есейіп-кеңейді. Төрткіл дүние алақанымызға «келіп қонды» (ұялы телефон). Бәрін  көріп, білетін болдық. Бұрынғы құндылықтар ауысты, жаңалары пайда болды. Алаш баласының асылы не, жасығы не?  Бағы не , соры не?  Неге шаттанып жүрміз, неден ақталып  жүрміз? Небір сауал-сұрақтарға жауап іздедік, таптық дедік. Енді бәрі анық, бәрі белгілі болды дедік. Бірақ.. «Ханның сөзін қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» екен..
       Оған биылғы сәуірде  көзіміз жетті.  Елбасының  «Рухани жаңғыруы» көңілі күпті алаш жұртын дүр еткізді. Жаһандық марафонға ілескен ұлтымыздың тағдыр-талайы не болмақ ? Қазақ болып қалу үшін не істеу керек?  Басымызға қонған Тәуелсіздік деген бақ құсын ұшырып алмаудың амалы қандай?  Айдан анық сауалдарға , айдан анық жауап бар. Біле білсек, біздің бүгінімізге дос марқаяды, дұшпан ортаяды. Өйткені, біртұтас Ұлт болу үшін қайта түлеудеміз.
           Әйтсе де, мерейіміз тасып, мәртебеміз өсіп тұрған сәтте де жадымыздан шығармайтын нәрсе –  рухани кодты, арда болмысыңды сақтау, сақтай отырып жаңғырту. Тіпті қоғамымыздағы кейбір кесепат құбылыстарды бастан кешіп жатқан замандастарымызды көзге елестетсек: «Әдетіңді түзе, мінезің жақсы болады, мінезіңді түзе, өмірің жақсы болады» (А.Байтұрсынов), «Ант ұрған қазақтан да үміт үзбеймін, себебі оның белінде ұлтымның болашағы жүрген шығар деп үміт етем»( Ә. Кекілбай) деген сөздер еске түседі. Біз арда емген дегенді жиі айтатын болдық..
       …Еуропа зообағының бірінде қанжырдан (арыстанның ұрғашысы) үш бірдей абадан күшіктейді. Бірақ аяқ астынан күшіктеген  арыстан қатты сырқаттанып қалады. Зообақ қызметкерлері жарық дүние есігін енді ғана ашқан «нәрестелерді» аман сақтап қалу үшін оларды доңыздың  бауырына салады. Бірнеше күннен кейін аналары  аяғынан тік тұрып кеткендіктен  абадандар «туған ұясына» қайтарылады. Бірақ дәл сол кезде жан түршігерлік оқиға болады. Абадандарын көре сала ана арыстан ызғар шаша, қаһарын төге өз күшіктерін әп-сәтте борша-боршасын шығарып тастайды. Сөйтіп көпке дейін ызасы басылмай, аласұрумен болады..
      Қазақ кесек мінезді, берік діңді ұлтпыз, себебі, бәсекелік қабілеті зор, прагматикпіз. Бұл орайда Елбасы «қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деді.
      Солардың ішіндегі ең құндысы –ұлт тілі. Қазақ тілі – қазақтың Тәуелсіздік тұтқасы. «Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түнде тымық, біресе құйынды екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр» (М.Жұмабаев) «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз» (Н.Назарбаев) Ендеше санамыз ісімізден озып жүру үшін де латын әліпбиін енгізуді батыл қолға алдық.
            Тәуелсіздік тұғырының беріктігі әр қазаққа байланысты. Тыңдата білсең айт, қолыңнан келгенше іс істе. Тәуелсіздігімізге биыл жиырма алты жыл!  «Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең.» деді Елбасы.
          Тәуелсіздігіміз баянды болсын ,ағайын!
 
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓