Атадан алтау тусаң да…
Ауруханадағы екі адамдық палатада түс қайта отыздардағы жігіт келіп орналасты. Сидиған, шүңірек көз, шашы қап-қара, жылы жүзді екен. Өзі оқығаны көп, сөзден сөз шығып, ақтарыла сөйлеп кетті:
– Сонау ит арқасы қиянда орталықтан жеті жүз шақырым "Құмдала" деген жерде тұрамын. Қалаға ат ізін салмағаныма үш жылдан асып кеткен… Өзіме де обал жоқ, егер жаным көзіме көрінбесе, дәрігер десе ат-тонын ала қашатын қазақтың бірімін. Биыл белім қоз-ғалтпай, аяқ-қолым сырқырап, түн баласы кірпік ілмей, әбден діңкем құрығасын қалаға қаралуға келгем. Бір жағынан осында тұратын бірге туған аға-апа, іні-қарындастарымды көре кетейін дедім.
Алдымен үлкен ағамның үйіне бардым. Астанаға іс-сапар-ға жиналып жатыр екен. Есен-саулық сұрасқан болдық. "Не шаруа бар?" – деді, асығыс, жүргелі тұрғанын сездіртіп. Еш шаруа жоқтығын, амандықтарыңды білу, өздеріңді көру дегенімді айтқанымда, бала кезде мені арқалап еркелететін қайран ағам, "Жақсы ендеше" – деп, бұрылып көлігі-не мініп кете барды. Қалай десем де қызметтегі кісі, жолынан қалдырмайын дедім әрі ағам да, жеңгем де қона кет демегесін, қаланың екінші шағын ауданындағы апамның пәтерінің қоңырауын бастым. Есікті апам ашты. Бас салып құшақтап айналып-толғанып жатыр. Ел-жұрттың амандығын сұрап үйіріп әкетті. Бұрын ондай емес сияқты еді. Кәдімгідей көңілім толып кетті. Ас бөлмеде шай ішіп отырдық. Жездем жұмыста, балалары интернатта, ал өздері бүгін кешкісін тойға бармақ екен. Сен "Жанмұраттікіне бар, үйінде. Олар қайда барып жатыр" деді, бір уақытта апам маған сұраулы жүзбен. Мен не дейін. Ойбай, шақырғаннан қалма, маған алаңдама деп үйінен тез шықтым.
Содан салып ұрып інім Жанмұраттікіне барайын. Иір-иір жербауыр жатаған үйлердің қатарындағы жертөледе екен. Үйде келінім емізулі баласымен отыр. Менің ойда жоқта сап ете қалғаныма онша қуана қоймағаны бірден сезілді. Жанмұрат тиіп-қашып, әр жұмыстың басын бір шалып жүрсе керек. Келін қашан келетінін де, келмейтінін де білмейді екен.
Несіне күтейін. Одан да неде болса ендігі қалғаны кенжеміз-қарындасым Гүлімдікіне тартып отырдым. Таяуда оқу бітірген. Қызметке орналасқан. Бір бөлмелі пәтер алғанын да білетінмін. Сәтін салды деген осы да, үйінде екен. "О, ағатайым келді" деуін деді. Құшақ жайып көрістік-те. Бірақ, байқаймын, бала қылығынан ештеңе қалмаған, есейген секілді ме, ашық-жарқыннан ада, байсалды бола қалыпты. Оның үстіне жарылып өздігінен ештеңе айтпады, ауылдың жай-күйін, туған-туыстарды сұрамады. Тіпті ондай әңгімеге құлқы жоқ сияқты. Бір уақытта "Аға, кешкілік Серікпен кездесуге келісіп қойып едік. Ол менің жігітім. Ну, сами понимаете", –деп тұр. Кешегі үйдегі ұяң Гүлім емес, қаланың тікбақай қызы. Мен түсінбейтін кеще емеспін, үйден шығып кеттім. Бір құрсақтан шыққан қарындасым лә-мимсіз қала берді..
Содан Қостанайдың орталығындағы "Турист" қонақ үйінде бір түн қонып шығып, бүгін осында келген бетім.. –деп үнсіз қалды. Мен де үнсіз. Сәлден соң барып:
– Аға, "атадан алтау тусаң да бір жалғыздық бары" рас екен. Осы бірге туған төрт бауырымның біріне қонып, мауқымды басам ғой деп ойлағанмын. Бүртүрлі айдалада жападан-жалғыз қалғандай, көңілім құлазып сала берді. Құйрығы жоқ, жалы жоқ, бір мүсәпір болдым да қалдым,–деді үні жарықшақтанып. Мен болсам: "Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары алтын менен бу болар. Атадан жалғыз туғанның, жүрегінің бастары сары да жалқын су болар, Жалғыздық, сені қайтейін?!"–деген Ақтанберді бабамыз.
Ал ұлы Абай абыз "Сегіз аяғында: "Атадан – алтау, анадан – төртеу, жалғыздық көрер жерiм жоқ"десе де, өмірде рухани жалғыздықтан әбден жапа шеккен кісі. Әйтпесе Атадан алтау – әкесi Құнанбай қажыдан туған алты ұл: Тәңiрбердi, Абай, Ысқақ, Оспан, Смағұл, Халел. Бұлардың алғашқы төртеуi Ұлжаннан туады. Абайдың "Анадан – төртеу" деуi сол.
Таяуда әнші Нұрғали Нүсіпжановпен Арқалықта кездесіп сырласып қалған жағдайымыз болды. Сонда даңғайыр әртіс бір сөзінде атадан бес баласы шетінеп жалғыз тірі қалған ұлына әкесі марқұм: "Жалғызбын деп айтпа, жалқы тудым дегенің жөн. Бұл – адамның өзіне байланысты жайт. Ағайынды он болсаң да, кейде бір басыңа жалғыздық жетіп жатады", – деп отыратын. Анам да: "Балам, жалғызбын деме, адам баласының бар-жоғы – бір Алланың ісі. Жас өседі, жарлы байиды", – дейтін. Кейін радиодан әндерім беріле бастағанда, анам: "Айналайын, сені елдің мың баласына айырбастамаймын!" – деп қуанған-ды.
Бұл адам пендеңіз, осынау пәни дүниеде жаны жалғыз, жүрегі елезгіп, баяны жоқ тірлікте аһ ұрып өтетіні анық. Бірақ адам баласына Алла тағала әрбір көрген жарық күнді бойға құт деп, ізгілік-шарапатты көре берсін деген ғой.
Екеуміздің әңгімеміз осы рәуіште тәмам болды.
Жанұзақ Аязбеков