Жол үстінде
Наурыз айы туғанда «Қостанай-Алматы» пойызына мінгенбіз. Сыртынан қарасаңыз, небір қиын-қыстаудан ,боран-дауылдан әбден тотыққан, тауар таситын состав секілді. Көріксіз, кір-қожалақ. Он бірінші вагон, ескі. Көрпе-төсегі де сол бұрынғыдай. Бірақ таза. Купенің терезесіне қырау қатқан, вагон іші салқын. Жолаушылар үрпиісіп, сырт киімін шешпей отыр.
-Зарядканың түр-түрі, алыңыз, ұялы телефонға! Арзан. – Ұзынтұра қараторы қазақ жігіті су жаңа қораптардан суырып қолыма ұстата берді. Розеткаға қосып едік, құрылғы істемеді. Жалма-жан әлгі жігіт онда басқасын көріңіз деп еді, онысы да істемегесін, болды онда деп тез-тездеп пакетіне салды да ғайып болды. Қолыма қарасам тоқ жинағышымның қақпағы жоқ болып шықты.Әлгі жігіттің қолында кеткенін сездім. «Бұйырмаған шығар» дедім де қойдым. Сәлден соң бір жап-жас бойжеткен келіп, «Айфонны» зарядкасын жарты сағатқа сұрады. Бердім. Бір сағат өтті, жоқ. Екі-үш, төрт сағат болды, әлі жоқ. Вагонның дәлізіне шықсам, әлгі қыз өтіп бара жатыр екен. Қарайтын түрі жоқ.Байқап тұрып соңынан купесіне бардым. Мені жақтырмай, соны да дүние деп іздедіңіз бе дегендей сыңай танытқаны.Жалынғандай өзімдікін өзім зорға сұрап алдым.
..Қарағандыдан өттік. Сыртта қар жатыр, ызғырық суық. Пойыз әрбірір үлкен –кішілі бекеттерге бір минуттан болса да аялдайды. Бір жап –жас қазақ келіншегі қолында бір баласы, етегіне жармасқан 4-5 жасар тағы үш ұл-қызымен қасыма келіп бір сағат отыра тұруға рұқсат сұрады.
-Анамды туған күнімен құттықтауға бара жатырмын.Күйеуім рұқсат берді!-деп мәз-мейрам. Стансаға келгенде бала-шағасымен сүріне-қабына вагоннан түсуге тұра ұмтылды. Ұбатылып-шұбатылып түсті.Терезеден қарасам: қарлы боран азынап тұр. Әлгі әйел шиеттей балаларымен іркесіп-тіркесіп, қалтырап зорға жүріп барады. Өткінші адамдардың бірде-бірі қарайтын емес..
..Түнгі 03.30-да Шу қаласына келдік. Күн жылы,жерге көк қылиып шыға бастапты. Вокзалдың кассаларына көзім түсті. Бәрінде де «Кругосуточно» деген жазу үлкен әріппен жазылған. Жазулардың дені орысша. Қазақ қаласы дейміз-ау..
-Жігіттер ,тоқтаңдар! Ішкен ауқаттың ақшасын төлеңдер!- Өрімдей екі қазақ жігітінің артынан жүгіре жеткен қаршадай қыз алдарын кес-кестеп бөгей берді.Бірақ әлгі екеуі жанұшырған қызды адам деген жоқ, қаға-маға вокзалдың ішіне кірді де кетті. Қыз дәрменсіздігін сезіп, ашына:
– Ұят қайда, жігіт болмай құрып кетіңдер!-деп көзінен жасаурап, теріс бұрылып жүре берді.Ал анадайда тұрған екі полицей жігіттерге де, қызға да мойын бұрмастан өзара күбірлесіп тұра берді..
Осы Шудың вокзалында бір қыз, қасында үш-төрт құрбыластары болуы керек, бар даусымен ұялы телефонмен әлдекімді балағаттап келеді. Қазақша-орысшасы аралас. Бар даусымен. Тіпті ол бейбақ вокзалдамын,қалың жұрт естіп жатыр-ау деп қыңар емес.
«Өмір – жақыннан қарасаң трагедия, бірақ, алыстан қарасаң комедия»-деген Ч.Чаплиннің сөзі есіме түсті. Көңілде бір жайсыз сезім биледі. Біразға дейін жолдағы осы көргендерімді ұмыта алмадым…