Жылқы-жыр
Қыл арқаннан қылқынып, бiздiң Қазақ сiлкiнiп,
Жылқы жылы шығады жылқыдайын жұлқынып!..
Ат үстiнде ояу-ды, аттан түстi – қалғыды…
Жан-жүрегi қаяулы, запырандай зар-мұңы…
Ат үстiнде басқан ол бар әлемдi тақымға!
Қасым салған қасқа жол айналды ма тақырға?
Аттан түстi – айырылды… ат басындай айбаттан,
Қанатынан қайырылды, айырылды қайраттан;
Аяқ-қолы маталды, бұғау түстi мойынға,
Әз-әзiлден от алды, жылан кiрдi қойынға…
Жаяу қалып жасыды, еңбектеуге көнбеді
Алшы түспей асығы тiзерлеуi жөн бе едi?
Ескiрмейтiн дәстүр ол – еркiндiгi құс кеуде,
Есiм салған ескi жол еске қайта түскенде,
Дүниенi шайқаған көрсетсiн бiр ғажапты,
Атқа мiнгiз қайтадан жаяу қалған қазақты!
Түпкi атасы түрiкше тұтанып бiр ұмтылсын,
Ат пен қазақ бiрiксе бөгет болып кiм тұрсын?!
Ұлықбек Есдәулет