Аймағанбет молда туралы не білеміз?
Есімі ескерусіз қалмаса екен
"Қостанай таңы" газетінен Аймағанбет молда туралы мақала оқып, ол кісі туралы бірер сөз айтуды өзімнің парызым санап отырмын.
Аймағанбет молда маған құда болады. Мен Қостанайдағы Жамбыл мекте-бінде (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы) оқу үшін 1962 жылы 11 жасымда қалаға келіп, мектепті бітіргенше Аймағанбет молданың үйінде тұрдым. Бұл кісіден өте көп тәлім-тәрбие алдым. Ол кісінің екі арманы болды. Бірі – Қостанай қаласында мешіт салу, екіншісі – қажылыққа бару. Бірақ бұл екі арманы да жүзеге аспады. Мешіт салмақ ниетпен халықтан 5 сомнан ақша жинаған еді. Бірақ ол ойын кейбіреулер дұрыс түсінбеді. Әлде күншілдік жасады ма кім білсін, "ақша жинап, пайдаланып кеткісі келеді екен" деп газетке мақала жазып, оны КГБ тексеріп, әуре-сарсаңға түсірді. Қылмыстық ештеңе таба алмаған соң, жиналған ақшаны балалар үйіне аудартады.
Қажылыққа қазір екінің бірі барып жатыр ғой. Ол заманда бұл мәселе де үлкен проблема еді. Қажылыққа бару үшін де Мәскеудің рұқсаты керек болатын. Мешіт салам деп "жұлқынып жүрген" Аймағанбет молда сияқты адамдар КГБ-ның ерекше бақылауында болады. Оларды қажылыққа жібермеу үшін түрлі сылтаулар табылады. Кім біл-сін, мүмкін сондай кедергілер болған шығар.
"Қостанай таңы" газетінде жазылғандай, Аймағанбет молда жан-жақтағы мешіттерге хат жазып, жаназалардан түскен ақшаны сол мешіттерге аударып тұратын. Ол конверттердің сыртындағы адрестерді маған жаздыртатын.
Аймағанбет молда бізге: "Құдайды ауыздарыңа алып жүріңдер, жетім-жесірлерге қайырымдылық жасап тұрыңдар, сауап болады" деп бізді ізгілік жасауға шақыратын. Ол кісінің өзі де өте қайырымды адам болды. Үйінен қысы-жазы қонақ арылмайтын. Ол кезде қонақ үйге бару деген жоқ, Торғай өңірінен, Науырзым жағынан келгендер осы кісінің үйінен табылатын. Аймағанбет молда сол кісілердің шаруаларымен айналысып жүретін. Ол кісінің жұбайы Дәркен апай да қонақжай адам еді.
Газет Аймағанбет молда туралы "Ескерусіз қалған есімдер" деген айдармен өте орынды мәселе көтерді. Тілегім – алдағы уақытта есімі ескерусіз қалмаса екен.
Бауыржан ЕРҒАЗИН.
Қостанай қаласы.
Қайырымды да мейірімді кісі еді
Облыстық "Қостанай таңы" газетінің биылғы 18 маусымдағы "Ескерусіз қалған есімдермен" берілген айдары "Аймағамбет молда туралы не білеміз?" атты Дамир Әбіштің мақаласын оқып шығып, өз көргенімді жазып отырмын.
Мен Наурызбаев Жарасхан Боқан-ұлы 1975-1979 жылдар аралығында Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта оқыған болатынмын. Сол жылдары Қостанай қаласындағы № 18 орта орыс мектебінде оқитын Спанов Есмағамбет (Есентай) Боранбайұлы деген жігітпен жолдас болдық. Олардың үлкен отбасы Нариман базарына қарама-қарсы орналасқан Жамбыл көшесі, 22 үйде тұратын еді. Сол кездерде осы үйде бір үлкен кісімен таныстым, аты-жөнімді, қай жақтан келіп оқып жатқанымды, туған-туысқандарымды сұрады. Ол кезде шындығын айтсам, дінді ұмытқан, молдаларға бажырайып үркіп қарайтын заман болды ғой.
Айтайын дегенім, 1979 жылғы 13 желтоқсан күні далада қақаған 40 градус аяз, облыстық ауруханада әкем қайтыс болды деген суық хабар естіп, сасқалақтап жүріп жаңа атаған Есентай деген жолдасымның үйінен қалай келіп шыққанымды өзім әлі де түсінбеймін. Түсім қашып кеткеннен бе әлде жас баланың өңі бұзылғаннан ба, Аймағанбет атайдың ол кезде 80-ге таяп қалған кезі, "Кел, бала, жағдайың қалай?" деп әңгімеге тартты. Мен сасқалақтап болған жағдайды өзімше түсіндірдім. Ол кісі "Ауылдарыңда молда бар ма?" – деп сұрады. Мен ауыз толтырып ештеңе айта алмадым. Қай жаққа жерлейтінімізді сұрап білді. Туыс-тар жиналып Қарабалық ауданы, Аққұдық ауылына бет алдық. Аймағанбет ақсақал мәйіттің қасына отырды. Ақсақал жасына қарамастан автобуста кейде тұрып, кейде отырып ауылға 6 сағаттан кейін ғана жеттік. Сонда тас жолдан ауылға жеткенше қарды тазартып үлгіре алмай, қаншама әуреленді кісілер.
Жерлеп жатқан кезде де, жаназасын шығарып, мәйітті әзірлеу барысында да бастан аяқ Аймағанбет атай ауыл кісілеріне уағыздар айтып, мұсылмандық жолмен жүру туралы бұрын бұл елде естімеген қандай тамаша кеңестер берді. Енді есіме түсіріп отырсам, сол кезде 10-сыныпта оқып жүрген мені сөзін жерге тастамайын, немеремнің жолдасы ғой деп алыс жолға барып, барлық қолынан келгенін жасағаны үлкен адамгершілігі екен-ау. Әр нәрсені байыппен айтып түсіндіріп беруінің өзі қандай тәрбие, қандай көргендік десеңізші,
Жарасхан Наурызбаев,
облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы.
Сириялық қонақтар риза болған
Редакцияға Қостанай қаласының тұрғыны Әбдібек Ахметбеков келді.
– Сіздің Аймағанбет молда туралы жаз-ған мақалаңызды оқыдым, – деді ол. – Жұрт назарын аударатын мақала. Дегенмен сізге Сауд Арабиясы Әмірлігінен делегация келді деп дерек берген адам қателескен. Мен 1985-жылы Қостанайда "Динамо" физкультура-спорт қоғамында бас маман болып қызмет істейтінмін. Осы жылы Сауд Арабиясынан емес, Сирия елінен 20 араб келді. Бұлар полиция қызметкерлері, бокс бойынша жаттығудан тәжірибе алмасуға келіпті. Оларды Сирия елінің Спорт министрі, генерал басқарып келген. Біз қарсы алдық.
Әбдібектің айтуынша, ол кезде Қостанайда мешіт те, имам да жоқ. Аймағанбет молда қайтыс болған. Келгендердің бәрі мұсылмандар. Олар жұма күні намаз оқуға тиіс. Ол үшін орын қажет. Не істеу керек, қайда апару керек? Білмеген.
– Абырой болғанда сол кезде Аймағанбет молданың үйі есіме түсіп кетті, – дейді Әбдібек. – Сол үйге бардық. Баласы мен келіні үйде екен. Жағдайды айттым. Олар келісе кетті. Содан арнайы бөлінген автобуспен 20 арабты алып бардым. Біраз шалдар жиналып қалған екен. Сонда мен аудармашы болдым. Арабтар ағылшынша сөйледі. Оны пед-институттың бір маманы орысшаға аударып тұрды. Орысшадан мен қазақшаға аудардым. Жуынып-шайынған соң қонақтармен бірге шалдар да намазға тұрды. Намаз біткен соң үй иелері шай берді. Олар өз ризашылықтарын білдіріп, осындағы бар адамға Құран кітабы мен таспиық сыйлады. Сөйтіп, олар екі жеті бойы сол үйге барып, намаз оқып тұрды.
Мен Аймағанбет молданы көрдім. Ұзын бойлы кісі болатын. Дінге қарсы заманда дінге қызмет етті, уағыздады. Адамдармен тез тіл табыса білетін, сөзге шешен адам деп те еститінмін. Сол рас болар.
Дамир
ӘБІШ
Нағашымның шапағаты
Құрметті редакция! Осы жылғы 18- маусымда шыққан "Аймағанбет молда туралы не білеміз?" деген мақаланы оқып, мен өз білгенімді, көргенімді қағаз бетіне түсіріп, сіздерге жолдауға шештім. Мен, Күлара Мұқаметжанқызы, Әулиекөлдің тұрғынымын. Балалық шағым Әулиекөлден 12 шақырым жердегі Жанкелді ауылында өтті. Қазір ол ауылдан ешқандай белгі қалған жоқ. Ал, Аймағанбет молда менің нағашым, әкесі Спан мен менің анамның әкесі Ысқақ бірге туған бауырлар, үмбетей Баршынның ұлдары. Аймағанбет менің анамның немере ағасы. Анам ата-анасынан ерте айырылып, немере ағалары Жақыпбек, Аймағанбет, Қамзаның қамқорында болған, Аймағанбет нағашым отбасымен біздің үйге жиі келіп тұратын. Ол кісі келгенде біздің үй ғана емес, бүкіл ауыл тік тұрып қарсы алатын. Кішкентай ауыл мәре-сәре болып қалатын. Ауылдың ақсақалдары, жігіт ағалары, ақ жаулықты аналар нағашымды шақырған үйге жиналып, оның әңгімесін таң атқанша тыңдайтын. Әңгіменің тақырыбы ислам діні, пай-ғамбарлар туралы, қариялардың дін мәселесі жөніндегі сұрақтарына жауап беретін. Ауылдың үлкен-кішісі түгел құрмет тұтып, оны "Айеке" деп атайтын. Нағашымның адамгершілігі өте жоғары болатын, тіпті біз сияқты балалармен өзіне тең адамша сөйлесетін. Есімді білгеннен бері нағашымның біреудің бетіне келіп ұрысып, қатты сөз айтқанын көрмеппін. Қолынан келген жақсылығын кісіден аямайтын, адамдармен тіл табыса білетін. Сол себепті оны лауазымды қызметтегі кісілер де сыйлап, айтқан сөзін жықпайтын. 50-ші жылдары менің немере ағам Қалым-қан істі болып, оны аман-есен түрмеден құтқарып қалған осы нағашым еді. Үш жасар кезімде қызылшамен ауырып, көзім көрмей қалыпты. Нағашым Атбасар жақта білікті көз дәрігері барын естіп, әке-шешеммен бірге, өзі бас болып Атбасарға апарып қаратыпты және ауылдағы Сейітқан деген көзін шел басқан кісіні ала кетіпті. Бірақ ол кісіге ем қонбай, менің көзім ашылып, ата-анам қатты қуанып, елге келіппіз. Осы күнге дейін жарық дүниені өз көзіммен көріп, қызықтап жүргенім, бірінші Алла жар болып, екінші нағашымның арқасында. Менің анам 1982 жылы ақпан айында қайтыс болды. Күннің суығына да, жасының ұлғайғанына да қарамай, хабарлаған күні нағашым автобуспен жетті. Қарындасының қырқына дейін жатып, ақыретіне дейін өзі пішіп, діни рәсімдерінің бәрін өзі өткізіп, арулап қойды. Маған садақасына түскен ақшаны беріп, Махачкаланың мешітіне поштамен аудартқызды, кейін мешіт имамынан жауап хат келді. Міне, нағашымның жаны таза, рухы биік еді. Ел ішінде, Торғай, Науырзым, Әулиекөл жерінде жиі болып, құрып кете жаздаған дініміздің туған халқының жүрегіндегі ұшқынын сөндір-меуге атсалысқан менің нағашым осындай еді. Кейінгі қалған ұрпаққа осындай кісінің болғанын айтып, еске сал-ғандарыңыз үшін сіздерге Алла риза болып, еңбектеріңіз жемісті болсын!
Күлара Мұқаметжанқызы.
Әулиекөл ауданы.