Бір күнгі балалық шақ
Оларды одан өзге кейіпті елес-тете алсамшы. Көз алдымда: белі қиылған, шашында ақ бантигі бар, қоңыр көйлек, ақ фартук киген қыздар мен қара костюм, ақ көйлек киген, мұрттары енді те-біндеген, шаш қойып, өзін жігіт санай бастаған бозбалалар. Біз Амангелді орта мектебінен 1974 жылы түлеп ұштық. Содан бері қырық жыл! Кездесу хабарланғанда-ақ, жүрегімнің бір түкпірінен аяулы бір сағыныш сезімі баурай бастады. Балалық шақтың бал дәурені есіме жиі түсетін болды, ауылымды, туған жерді сол, қырық жыл бұрынғы қалпында ойлайтын болдым.

Бірінші күнгі кездесу өзіміз ұшқан алтын ұя мектебімізден басталды. Қырық жыл бойы көріспегендеріміз де бар екен. Сол жылы 10-шы сынып бітірген "А", "Б", "В" сыныптарының қыздары бір-бірімізді әзер танып: "бұл кім екен?", "сен мені таныдың ба?", "сізді мен есіме түсіре алмадым" дегенменен, сәлден кейін-ақ балалық шақтың қызықтары еске түскен соң мәре-сәре болдық.
Түлектерді Амангелді орта мектебінің директоры Төлеутай Құсайынова бастаған мектеп басшылары, ұстаздары салтанатпен қарсы алды. Қырық жылдан кейін алтын ұя табалдырығын аттап отырған түлектерге жақсы тілектер айтылды. Біз мектеп бітірген жылғы аттестат берілгені жөніндегі журналдан: "оқушылардың" бары-жоғы түгенделді. Содан кейін өз сыныптарымызға барып, өз парталарымызға отырып, суретке түстік. Мектебімізге деген сыйлығымызды табыстадық. Кешке "Ақ ниет" тойханасында қонақ асы берілді, сыныптастармен мұнда да балалық шаққа қайтып оралғандай күй кештік. Бізді оқытқан мұғалімдерден түлектердің арнайы шақыруымен сонау Алматыдан келген мұ-ғаліміміз Роза Хайырова апай, Амангелдіде тұратын Ағыбай Төлегенов, ол кісінің жұбайы, біздің ұстазымыз Күләйша апай, Шәміл Есжанова апай, Болат Әбдуәлиев ағай Қатима апаймен келіп, өздері білім берген түлектердің қуанышына ортақ болды.
Кездесуге келген түлектер екінші күні табиғат аясына демалуға шықтық. Туған жердің көркеюіне үлесін қосып жүрген Амангелді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Ерлібек Есжанов, аудандық ветеринарлық зертхананың меңгерушісі Амантай Сейділдин, 35 жыл ұстаздық етіп келе жатқан Жібек Әубәкірова, ауданда малдәрігері болып қызмет істейтін Оразалы Әлімғазин, Мұхамеднұр Мәденов, аудандық мәдениет үйінің директоры Жұлдызайым Олжағұловалар туған жердің жігіттері мен қыздары қандай болуы керектігін көрсетті, алғысымыз шексіз. Осы екі күнгі кездесуімізде мектеп қабырғасында болған қызықты жайттар, әңгімелер еске түсті. Қылауы жоқ таза жүректің толқуы шынайы көз жасына айналды. Кездесу болады дегеннен маған телефон соғып: "міндетті түрде кел, келгенде менің үйіме түсесің" деп нығыздап айтып шақырған Жұлдызайым екеуміз 6 сыныптан бірге оқып, көрші тұрғанбыз. Жұлдызайым мектепке ерте жиналып тап-тұйнақтай болып маған келетін, менің шыққанымды күтіп тұратын. Әңгімені айтқанда майын тамызады. Біз мектептен алыстау тұратын едік. Бірде үйден шыққаннан Жұлдызайымның әңгімесіне елтіп жүре беріппін, мектепке жақындағанда аяғыма қарасам, әжемнің галошын киіп кетіппін. Балалық-ай, десеңші!
Ортамыздан атақты дәрігерлер де, кәсіпкерлер де, ҚР-ның білім беру үздіктері, мәдениет қайраткелері, журналистер тағы басқа қызықты мамандық иелері шығыпты. Ардақты ана Өрік Нұғыманова алты бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп, әже атанса, Қарағандыдан келген аңғал да, ақкөңіл Гүлайым Сейдахметова енді ене, әже атанғалы жүр екен. Аңқылдаған ақ көңіл Көлбай Жолдасбаев барлық сыныптастарын құшағына сыйдыратындай көңілде жүрді.
Жақсарған, жаңғырған Амангелдідегі ел тірлігін көріп көңіліміз марқайып қалды.
Тілектес Үсенова,
Амангелді орта мектебінің 1974 жылғы түлегі, ҚР білім беру үздігі.
Амангелді ауданы.