Жеңіс эстафетасы – берік қолда

Келер жылы Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толуына орай соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің және қаза тапқан жауынгерлердің есімі  жазылған  "Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабы" эстафетасын табыстау мақсатымен облыстық  ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин, облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Гүлжан Меңдікенова және әртүрлі шығармашылық ұжым мен БАҚ өкілдерінің басын қосқан делегация Ыбырай Алтынсарин атамыздың атын еншілеген  ауданға келді.
Рисунок1Айта кетерлігі, облыс басшысы Нұралы  Садуақасовтың бастамасымен аталмыш жоба биыл облыс ішінде бастау алып, Қарасу ауданы Алтынсарин ауданынан эстафетаны қабылдады. Жоба аясында қолдан қолға табысталатын белгі – "Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабы" деп аталатын биылғы жылы баспадан шыққан жаңа кітап. Бұл кітап жүріп өткен жолындағы  әр ауданның Ұлы Отан соғысы мен тыл еңбекерлерінің пікірі мен тілектерін қалдыру үшін арналған.
Мәдениет үйінде жиналғандар  алдында Алтынсарин ауданының әкімі Батырбек Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдірді:
– Облыс басшысы Нұралы Садуақасовтың тапсырмасымен  аудандар мен облыста жаңа эстафета – "Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабы" жобасы  енгізілді. Ол Қостанай қаласынан бастау алып, бүгін эстафета Алтынсарин ауданынан Қарасу ауданына табысталуда. Баршаңызды және ортамызда отырған ҰОС ардагерлерін келер жылғы болатын айтулы оқиға  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын көруге жазсын деп тілеймін, – деді ол өз сөзінде.
Аудан басшысынан кейін сахнаға көтерілген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы  Жанділдә Мақанов Абай атамыздың "Адам өлген күні өлмейді, адам ұмыт болған күні өледі" деген қанатты сөзін алға тарта отырып, эстафетаның маңыздылығына тоқталды. Қазіргі болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған  аға ұрпақ өкілдерінің есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс, сондықтан осындай "Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабы" шығарып, оларды әрқашан еске алып отыратын боламыз" деді.
Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин де өте шешен сөйлеп, отырған көпшілікті тебірентіп тастады және  журналистерге  өзінің ескертпесін айтты. "Ұлы Отан соғысы кезінде рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен біздің жерлестеріміздің жанқиярлық еңбектерін ат үсті жазбай, терең зерттеп жазуды қолға алсаңыздар" деген ізгі ниетін білдірді.
Кеш соңында Алтынсарин ауданының әкімі Батырбек Ахметов  эстафета кітабын қарасулықтарға табыстады. Оны Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Кенеш Әлімжанов, ҰОС ардагерлері қабылдап алды.
 Бұдан соң қарасулықтар 15 шілде күні "Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабын" науырзымдықтарға табыстайтын болады.
 
Ақнұр МҰСАБАЕВА.
Алтынсарин ауданы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓