…Айтыпты …Айтыпты
Замандастары Абайдан:
– Айуандық не? – депті.
Сонда ақын:
– Айуандық деп екі аяқпен дүниеге келіп, төрт аяқтының ісін істейтін жандарды айтамыз, – деп жауап беріпті.
* * *
Абай бір жалқау адамды көзі шалып қалып, айтқан екен дейді:
– Өрмелеусіз, өсусіз, ізденусіз, білусіз өткен тіршіліктен аулақ болу керек, себебі ондай тіршілік жатқан кесек тас сияқты, күндер өткен сайын орнында жатып, құмға айналып, желмен бірге ұшып кете береді, – депті.
* * *
Абай өз шәкірттері мен әке, ана, бала туралы бірімен-бірі пікір алысыпты, әркім әртүрлі ойларын айтыпты, сонда Абай:
– Әке, ана, бала үшбұрыштың үш төбесі сияқты. Бірімен-бірі ынтымақтас, ал үшеуінің біреуі жоқ болса, аузын ашқан айдаһардай бір нәрсені іздеумен болады, – депті.
* * *
Тарлық неше түрлі болады? – деп сұрапты ұлы атамыз Абайдан жолдастары…
– Берері аз болса – жер тарлығы, айтқанды ұқпаса – ел тарлығы, қолтығың жыртылса – киім тарлығы, ортаққа қуанбаса – іш тарлығы, махаббатсыз болса – көңіл тарлығы, – деп жауап беріпті Абай атамыз.
* * *
Ұлы данамыз М.Әуезовты кейбір көре алмаған пенделер әртүрлі көңілге тиер сөздер айтып, аяғынан шала беріпті. "Ескі тарихты жазады, байларды мақтайды" деген сияқты сөздерді алдына тарта берсе керек. Бірақ, көп достары Мұхтардың ұлы еңбегін бағалап, өздеріне мақтан тұтыпты. Сол кезде бір досы:
– Осы сыншысымақтарға бірдеме айтпайсыз ба? – депті.
– Қапқан итті мен қайтара қапсам, аузымда не қадір қалады? – депті ұлы Мұхтар.
* * *
Мұхтар Әуезовке замандастары:
– Сізде, не көп жолдас көп. Сіз солардың бәрін жақсы білесіз бе? – деп сұрапты.
Сонда Мұхтар ағамыз:
– Әр жолдастың кем дегенде бір жақсы қасиетін білуге тырысамын, – депті.
* * *
Л.Н.Толстойдан сұрапты дейді:
– Өмірде шүбәсіз бақыт бар ма? – деп.
– Өмірде шүбәсіз бір-ақ бақыт бар, ол өзгелер үшін өмір сүру, – депті ұлы дана Л.Н.Толстой.
* * *
Әйелімнің мінез-құлқын түзету үшін не істеуім керек? – деп сұрапты бір жас жігіт Мағжаннан. (Жұмабаев)
Әйеліңіздің мінез-құлқын түзету үшін дәл қазір көп ойланып-толғанудың қажеті аз, тілін алып, айтқанын істей бер, уақыт жеткенде өзі түзеледі, – депті.
* * *
Бір дана айтыпты:
– Ерменнің дәмі ащы емес, еріккен өсек сөз ащы.
* * *
Бауыржан Момышұлы: "Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қор-қамын. Екіншісі, немересіне ертегі айтып беретін ата-әжесінің азаюынан қорқамын. Үшіншісі, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар көбейіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса, шауып тастауға әзір. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ", – деп налыған екен.
* * *
– Өтірік пен шындықтың қайсысы жүйрік? – деп сұрапты Т.Ізтілеуовтен.
– Өтіріктің астында құр ат, шындықтың астында жүрмейтін сұр ат, – деп күліп жауап беріпті.
* * *
Бірде Сырлыбай датқа Қашаған биде қонақта отырып: Дүниеде не жаман? – деп сұраған екен. Қашаған би:
Ынтымағы жоқ ел жаман, – деген екен тоқтамастан.
* * *
Бейбіт жатқан ауылды жоңғарлар шауып, қазақтың малын айдап, егісін таптап кетеді. Жау қорлығынан тоз-тоз болған ел-жұрт таулы жерге қашып, жан сауғалайды. Босқын халық арасында екіқабат келіншек бесікті арқалап бара жатады. Қара жолда Төлемен үзеңгі қағысып келе жатқан егде кісі:
– Мына бишараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқанын-ай, – дейді.
– Баланың бесігі – кең дүниенің есігі, – депті сонда ақылгөй Төле би.
* * *
Бір күні Қаражігіт би Қазыбектің үйіне келіп қонады. Әңгімелесіп отырғанда Қазыбек:
– Уа балам, атадан жақсы ұл туса, елдің туы болады деп еді, атадан жаман ұл туса, көштің соңы болады деп еді. Соның қайсысы боласың? – дейді. Сонда Қаражігіт:
– Ораздының кәрісі қартайғанда қазына болады деп еді, шиырлының кәрісі қартайғанда қазба болады деп еді. Сіз өзіңіз соның қайсысы боласыз? – депті.
–Еншалла, қазынамыз ғой, – дей беріпті сонда Қазыбек.
– Еншалла, біз елдің туымыз, – депті Қаражігіт.