Айыппұл планшетпен толтырылады

Бұған дейін өңіріміздің жол-патрульдік полицейлері планшеттермен қамтамасыз етілетіні айтылып келген болатын. Бұл ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет жүзеге асырған жаңашылдық. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында елімізде цифландыру сервистерін енгізу әрі заңнаманы жаңа қадамдарға бейімдеу баса көрсетілген еді. Өз кезегінде Комитет жол ережелерін бұзғандарға қатысты электронды хаттама толтыру мақсатында мобильді қосымша әзірлеп отыр.IMG_2286Облыстық жергілікті полициясына келген ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқарма бастығы Е.Пархоменко өңір полицейлеріне алғашқы планшеттерді тапсырды. Айта кетейік, биылғы жылдың шілде айынан электронды хаттама толтыру пилоттық жобасы Астана қаласы мен Павлодар облысында басталған болатын. IMG_2317Электронды хаттама толтырудың артықшылықтары да бар – уақыт үнемделеді, қате жіберілмейді, мәліметтер сол сәтте орталық базаға барып түседі, бұрмалаушылық болмайды. Инспектор интернет желісіне қосылған планшеттің көмегімен хаттаманы толтырады, ол мәліметтер базасына енгізіледі. Оған ішкі істер органының қызметкері электронды-цифрлы қолын қояды. Сонымен қатар, ереже бұзушы жүргізушінің іздеуде бар-жоғы, басқа да құқық бұзғаны туралы ақпараттар, көліктің ұрланған-ұрланбағаны да жүйелі түрде тексерілмек. Тәртіп сақшысы сізге портативті принтерден хаттаманы шығарып береді, егер қалтаңызда банк карточкасы болса, айыппұлды сол жерде-ақ төлеп кете бересіз.IMG_2329Жаңа жүйе бойынша әкімшілік хаттама толтыру уақыты үш есеге дейін азайып, шамамен он минутта толтырылады. Бұл пилоттық жоба болғандықтан, әзірге жергілікті әкімшіліктің көмегімен 10 планшет сатып алыныпты.IMG_2344– Жол-патрульдік инспектор құқық бұзушының куәлігінің ЖСН мен көлік нөмірін енгізсе болғаны, әрі қарай барлық мәліметтер базадан суырылып шығады. Бұл жаңашылдық әкімшілік құқық бұзудың бірыңғай реестрі жобасының басы екенін айта кету керек. Яғни, әкімшілік хаттама бойынша сот және сот орындаушылары органдарының базасы бірыңғай реестрге тоғыстырылады. Мәселен, айыппұл төленбеген жағдайда ол автоматты түрде сот орындаушыларының құзырына аударылады, – деді басқарманың бөлім бастығы Г.Алкебаева.    
Басқарма өкілінің айтуынша, планшеттердің сапасы берік, суыққа төзімді, су өткізбейді. Жаңа құралдарға ие болған тәртіп сақшылары қала көшелеріне шығып, ереже бұзғандарға жаңа жүйе бойынша электронды хаттама толтыра бастады.   
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓