Құрылысшыға жәрдем берді
Қостанайда құтқарушылар шатырды бұзып жатқанда денесі жартылай жансызданып, қозғала алмай қалған құрылысшыға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құтқарушыларға жедел жәрдем қызметкерлері телефон шалды. Олар қаладағы тұрғын үйдің шатырын бұзу жұмысын жүргізіп жатқан құрылысшының арқа нервіне зақым келіп, салдарынан ол орнынан қозғала алмай қалғанын хабарлаған.
«Құтқарушылар дереу оқиға орнына аттанды. Олар үйдің ескі шатырына шығып, зардап шеккен ер адамға алғашқы көмек көрсетті. Альпинист жабдықтар, көшпелі сатының көмегімен ер адамды тұрғын үйдің төбесінен төменге түсіріп, жедел медициналық жәрдем дәрігерлеріне тапсырды», – деп хабарлады ТЖД-дан.
Қазіргі кезде зардап шеккен ер адам дәрігерлердің қарауында жатыр, оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.