Президент: Реформаларды іске асыру қарқыны баяу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтуде, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кеңейтілген отырыста Үкімет еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларының есебін берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Үкіметке ел дамуының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ысырапшылдыққа жол бермеуді тапсырды. Сондай-ақ, ол реформаларды жүзеге асыру қарқыны баяулағанын айтты.
«Еңбек өнімділігінің елеулі өсімінің болмауы – үлкен проблема. Бұл жағдай шынымен де проблема. Шикізаттық емес экспорттың үлесі баяу өсіп келеді. Экономикалық өсім сапасына байланысты мақсаттар ауқымды екенін көріп отырсыздар. Олардың ішінде басым бөлігі құрылымдық проблемалар. Оларды біз көп жылдардан бері шешіп келеміз», – деді Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы қойған стратегиялық мақсаттарға міндетті түрде қол жеткізу керектігін атап өтті. Осы орайда аталған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуде Үкіметтің қадамдарын қайта жүктеудің уақыты жетіп отыр.
«Реформаларды жүзеге асыру қарқыны баяулағанын мойындау керек. Бұл фактіні халықаралық және отандық сарапшылар белгілеп отыр. Ел экономикасының терең реформаларының бағдарламасын даярлау маңызды деп санаймын. Бізге жаңа экономикалық бағыт керек. Реформалар ерік пен табандылықты талап етеді, Үкіметті дәл осындай жігерге шақырамын. Реформаларды іске асыру үшін ең алдымен мықты жігер керек. Үкімет осы қасиетті көрсететі деп үміттенемін. Басқа жол жоқ, өйткені уақытымыз да жоқ», – деді Мемлекет басшысы.
Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы қымбат көлік сатып алу және форумдар өткізу шығыстарына мораторий жариялады.
«Ауыртпалықсыз кейінге қалдыра тұруға болатын шығыстарды айқындау қажет. Алғашқы шара ретінде қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар өткізу шығыстарына ұзақмерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Еліміздегі шаралар нақты тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелетіндей болы тиіс»,- деді Қ.Тоқаев.
Оның айтуынша, елдегі қаржы саясатының тиімділігін арттыру қажет.
«Сіздердің назарларыңызды әлеуметтік-экономикалық дамудың келесі өзекті мәселелеріне аудартқым келеді. Қаржы саясатының тиімділігін арттыру қажет. Алаңдатарлық тенденцияларға назар салу керек. Экономика дамуындағы банк секторының рөлі жылдан-жылға төмендеп барады. Корпоративтік секторды несиелеу 8,7 пайызға, шағын және орта бизнес 18 пайызға, ауыл шаруашылығы 48 пайызға төмендеді», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, халықтың тұтынушылық несие алуы 24 пайызға ұлғайып кеткен.
«Бұл ретте несиелердің үштен екісі жеке тұлғаларға кепілсіз берілген. Елдің қаржылық секторындағы күрделі проблема айқын көрініп тұр. Басқаша сөзбен айтсақ, қаржы секторы дертке шалдыққан. Өткен жылы өмірлік қиын жағдайға тап болған 500 мың азаматтың берешегі өтелді. 1,2 млн азаматымыздың тұтынушылық несиелері бойынша өсімпұлдары шығынға жатқызылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін реттеуші шараларды қабылдауы тиіс екендігін баса айтты. «Нақты айтар болсақ, несие төлей алатын адамдарға ғана берілуі тиіс. Бізде жеке тұлғалардың тұтынушылық несиелері 1,4 трлн теңгеге ұлғайды және 6,7 трлн теңгені құрайды. Олардың толық қайтарылатыны күмән тудырады. Ал заңды тұлғалардың несиелері 590 млрд теңгеге төмендеді»,- деді ҚР Президенті.
Бұған қоса, Президент мұқтаж отбасылардағы 800 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетінін, шетелдік және жергілікті жұмыскерлер жалақысында теңсіздік болмайтынын, әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторинг жасау орталығы құру, әлеуметтік саладағы заңнаманың жоқ-жітігін түгендеу, банктердің қаржылық мәселесін бюджет қаражатынсыз шешу керектігін айтып, сауда саясаты жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырды.