«Мерейлі отбасы»
Міне, осындай атпен Қостанай қаласында өткен ұлттық байқаудың қалалық кезеңінде Беркеновтер мен Маркеровтардың отбасылары жеңімпаз атанды. Ұлттық байқаудың Қостанай қаласы бойынша өткен кезеңіне қатысуға он отбасыдан өтініш түскен екен. Қазылар алқасы сараптай келе осы екі отбасыны жеңімпаз деп таныды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – отбасы институтын, адамгершілік пен өнегелікті, рухани байлық пен құлықтылықты нығайту және отбасы құндылықтарын насихаттау. Байқауға отбасының барлық мүшелері қатысып, өздерінің өнерлерін, еңбекте, спортта, ғылымда жеткен жетістіктерін, зияткерлік деңгейін де көрсетулері қажет. Сахнада жеңімпаз атанған екі отбасыны қолдау ретінде келген туған-туыстары, жолдас-жоралары, немерелері жиналған қауымға өз өнерлерін ұсынды. Есімі облысымызға ғана емес, республика жұртшылығына танымал Әсия апамыз Беркенова мерейлі отбасының отанасы, ақын ғана емес отбасында ең бақытты әйел, аяулы ана, мейірімді әже екенін залда отырған көрермендерге айтып өтті.Әдемі қоңыр дауысымен ән шырқады.
Ал, енді Маркеровтар отбасын Қостанай қаласында педагогтар отбасысы деп таниды. Вера Маркерова Қостанай қаласындағы №2 орта мектебіне, ал, қызы Ирина Шушпанова М. Горький атындағы гимназияға директор.
Ұлттық байқаудың қалалық кезеңінде жеңімпаз атанған екі отбасы бағалы сыйлықтармен, грамоталармен марапатталды. Енді олар облыстық және республикалық кезеңдерге сынға түсетін болады.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ