БЕЙНЕТ
Бір патша құлымен бірге кемеде жүзіп келе жатты. Бұрын кемеге мініп көрмеген құлы қорқып, жылай бастады. Жұрттың мазасын алды. Оны ешкім сөзбен жұбата алмады. Сонда бір данышпан кісі патшаға:
– Егер рұқсат етсеңіз, оны тыныштандырайын, – депті. Патша рұқсат беріпті. Данышпан құлды теңізге тастатады. Байғұс құл суға бір батып, бір шығады. Екінші батқанында оны шашынан тартып, қайтадан кемеге шығарып алыпты. Құл кемеге әзер дегенде мініп, бір бұрышқа барып бүрісіп, үн-түнсіз отырып қалыпты. Патша:
– Бұл қалай болды? – дегенде, данышпан:
– Бұл адам теңізге қарық болудың машақатын көрмегендіктен, өзінің сау-саламат отырғанының қадірін білмеді. Бейнет көрмеген адам рахаттың қадірін білмес, – деді.
…Аурухана ауласында бойы сымға тартқандай, қалың қасты, қыр мұрынды сымбатты, өндірдей жігітті көрдім. Әттең, бір аяғы жоқ, балдақпен тұр.
-Несін сұрайсыз, өзімен болды ағасы. Әке-шешем бетімнен қақпады. Жалғыз болғасын да не кием, не ішем дегізген жоқ. Мектеп бітірдім, оқуға түстім. Жеке иномарка көлік әперді. Жора-жолдастар көп. Күнде қыдырыс: мейрамхана, сауна, қызойнақ. Бір күні пәтер жалдап, достармен түн ауғанша дуылдатып отырғанбыз. Көршілердің мазасын алған екенбіз, полиция шақыртыпты. Есікті келіп қаққанда бәрінен бұрын мен қорықтым. Әкем әкімдікте басшы болатын. Кесірім тимесін деген оймен терезені ашып, қарғып кеттім. Екінші қабат. Тура бір қаданың тесігіне құлаппын. Содан аяғым екі жерден сынып кетіпті. Асқынып, бірден жазылмады. Үш ай болды, ақыры тізеден кесті. Бейнетсіз бейнет таптым. Өмірі маңдай терлетіп көрмеген басым, тоқтықтықтан сорлап қалдым, – деп сыр ашты.
Баяғыда бір бай баласына "жұмыс істеп 100 теңге тауып кел" деп жұмсайды. Еркетотай бала әкесінің көзін ала бере шешесінен ақша сұрап алып, әкесіне апарып береді. Әкесі мұны біліп қояды да, әкелген ақшаны жанып жатқан отқа тастай салады. «Бар, тағы тауып кел», – деп қайта жұмсайды. Бірақ бала әдетіне салып, анасынан барып тағы ақша алып әкесіне береді. Әкесі тағы да ойланбастан кешегісін қайталайды. Не керек, бала үшінші рет анасына емес, бір шаруаға барып жалданып жұмыс істейді. Бірнеше күн өткесін еңбекақысын алып әкесіне әкеледі. Бірақ әкесі тағы да ойланбастан отқа лақтырып жібергенде, бала жанұшыра жанып жатқан оттан жалаңаш қолымен ақшасын суырып алады. Сонда әкесі: «Көрдің бе, балам, өз еңбегіңмен тапқан ақшаның қадірі қандай!» -деген екен.
.. Таяуда ғана Елбасы еліміздегі ең озат 100 адаммен жүздесті. Қарап отырсаңыз, шетінен жап-жас болып-ақ таудай іс бітіргендер. Тіпті мүгедек жастардың дарыны мен қарымын айтсаңызшы! Елбасы бір сөзінде "қазақ – жас әрі серпінді ұлт" деді. Ендеше бойда күш-қуат барда, бойда құдай дарытқан қабілет-қасиет барда білек сыбанып жіберіп, талмай терлегенге не жетсін! Сонда «Халық қазанын қайнаттым – қолымның қане қарасы. Ер қазанын қайнаттым – етімнің қане жарасы!» деріңіз анық.