“Жолдың аты – жол…”

Тысқа шыққанда күздің қара суығы өңмеңдеп-ақ тұр екен. Вискиден буы буқыраған  екі масаң тез-ақ қалтырап,  қолпаш-қошаметтен асыға сытылды. Артқы салонға жайғасқан қос мырзаны ала сүліктей  жалтыраған қара «Chevrolet» суырыла жөнеп  берген. Әп сәтте құмды белден облыс орталығына баратын даңғылға  да келіп қалыпты.  Бұрылыстағы бекеттен екі-үш адам анық көрінді. Дірдек қағып тұр. Біреуі жас әйел. Ала кет деп  қол көтеріп еді, жылдамдығын баяулатқанымен іштегі үшеуі де бос емес алмаймыз деп қолын сермеді де, ызғыта өте шықты. «Әй ана бір орыс қызын ала кетіп, барғанша ермек қылғанда ғой»  дегендей екі мырза бір-біріне жымыңдап, бір-бірін айтпай түсіне қойған.
– Әлгі үйдегі келін тас екен. Үш-төрт сағат отырғанда жарытып тамақ бермеді-ау. Шынымды айтсам, қарным шұрқырап келеді, – деді майсаң мырзаның бірі екіншісіне бұрылып, – осы күні ауылдағылардың ниеті бұзылған. Қаладағыдан бетер. Бәрін де есеппен жасайды. Қаймана қазаққа жасайтын дархан пейілі ада болған.
Марғау отырған екінші мыр­за: «Вискидің өзін біз таптыртып алдырмасақ, беретін түрі  жоқ. Құр сөзбен, қолпашпен мас қылмақ» – деп айтқысы келді-айта алмады. Зорға дегенде көкейіндегісін амалы құрығасын  бас изеп білдірді. Әңгімеге арала­сайын десе, іші  құрғыр түйнеп ауырып, мазасын ала бастаған. Бір уақытта басы зыңылдап, құлағы шыңылдады ма,  берекесі кетті. Сөйлемпаз мырза серігінің  мүшкіл халін енді байқады.
– Тұла бойым солқылдап кетті, Мәке, – деді,  даусы дірілдеп. Бүртүрлі аянышты естілді.
– Сен ауыратындай ешнәрсе ішіп-жеген жоқсың, не көрінді? Шыда, шыда. Біз саған не істесек екен, ә, – деді Мәкесі, алдында отырған шопыр жігітті меңзеп: «Бізден не қайран, қолымыздан не келеді?»  Байқады, мырзаның халі барған сайын нашарлаған: ыңырсып, демалысы жиілеп, бет-аузы домбыққан. Қостанайға дейін әлі үш жүз шақырым бар. Мидай елсіз дала. Қарасуық пышағын қайрап тұр. Бастығының мүшкіл халін сезген сайын шопыр жігіт саса бастады. Құдай бетін аулақ қылсын деңіз, алай-пұлай боп кетсе, ертеңгі күні не болады?
– Артта бір көліктің жарығы  көрінеді. Тоқтап бір көмек сұралық, – деді жүргізуші.
Сөйтті де жауап күтпестен көлігін тоқтатып, апатты шамын жақты. Алыстан көрінген жарық бірте-бірте ұлғайып, бір уақытта бір  жигули көрінді. Шевролеттің шопыры жалма-жан жигулидің алдынан шығып, қос қолын сермелеп тұра қалды. Көлік тоқтағанда тұра жүгірген. Сәлден соң сыр­қат жатқан көлікке  сүп-сүйкімді саршашты бір орыс  әйелі келді. Ол жалма-жан мырзаның тамырын басып көрді де, қазақша: «сабыр етіңіз, шыдаңыз, бәрі жақсы болады» – деп қобдишасынан егетін құралдарын алып іске кіріскен. Бір емес, екі укол салған соң сазарған мырза есін жиып көзін ашып алды. Екі мырза мен жүргізуші үнсіз. Бірдеңе деуге бет жоқ. Бағана  бекетте қарасуық желден ұшып кетердей қалшылдап тұрғанда,  бұлар мінгізбей,  тастап кеткен  келіншекті  үшеуі де бірден таныған. Кешірім сұраған жүзбен жаутаңдай, міңгір-міңгір етті.
– Бәрі жақсы, енді қауіп жоқ. Сусамырыңыз жоғары ма деймін. Үйге жетісімен дәрігерге көрініңіз, – деп жымиды да: – оқасы жоқ, мен қол көтерсем де сіздерді көргесін райымнан қайттым. Себебі, жол болса ұзақ.  Жасы үлкен кісілердің өздеріне жарасымды әңгімесі болады. Шырқын бұзып қайтемін. Мен қазақтың келінімін ағалар. Құмбелдегі учаскелік дәрігермін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет деген. Ал жолдың аты – жол.  Аман болыңыздар, жол болсын! – деп сыпайы қоштасты.
Сәлден кейін мырзаның науқасы тарап, жеңілденіп қалды. Манағы дәрігер қыз­дың сөзі құлағынан кетер емес. Көңіл түкпіріне әлдебір ойлар көкейді тырмалай бастаған: «Иә, жолдың аты – жол. Сол жолда адам мен пенденің ара жігі ашылады. Әттең, жолда тіл жоқ, жан жоқ. Небір сұмдықты төсімен көтеріп толағайдай үн-түнсіз жатыр. Адам айдалада,  ұшы-қиыры  жоқ иен  далада ұятпен бетпе-бет қалады. Адам иен далада өлсе, ұяттан өлер еді.  Кімнің кім екенін сонда танылады.  Жолдың аты – жол..»
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓