Қара жер

Рамазан айы. Күн-нің райы да құбылып, соңғы күндері күрт ысыды. Жер-ана еміреніп, дала төсі бусанды. Қара топыраққа дән себіліп жатқан қауырт шақ. Жердің жүзі көгалданып, жап-жасыл түспен құлпыра түскен сайын адамның да дидарында нұр ойнап, қара жердің құдіретімен айрықша бір күй кешуде. Иә, қара жердің құдіретімен…топырак
Алла-тағала әуелде адамды неден жаратуды ойлап, ол ойын дүниеге жар салыпты. Сонда аспан,  тау, тас, от, су, жел бәрі адамды менен жаратса екен деп таласқа түсіпті. Кілең мықтыларды көріп, топырақ: "Мендей қадірсіз заттан Адамдай ұлық затты жарата қоймас", – деп, үндемей шет қалыпты. Ал Жаратқан иеміз болса әлгі таласқандардың бойынан мін тауып, жаратпай тастапты. Сосын жерге қарап:
– Адам тәнін сенен жаратамын, себебі, сен – кішіпейілсің. Ал бұл менің ең жақсы көретін мінез-құлқым. Дүниедегі барлық тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – дейді.  Осы кезде қара жер Алладан дат сұрайды.
– Иә, Жаратушы ием, адамды менен жаратқаныңа қарсы емеспін. Олар қанша мыңдап жерленсе де, мен олардың денесін шірітіп, тәндерін топыраққа айналдырамын. Бірақ, адам баласы ғапылдықтан күнәні көп жасайды. Олар өмірден өткен кезде, менің қойныма таудай күнәлар арқалап келеді. Сонда олардың ауыртпалығын кім көтереді? Жасаған қиянаттары мен зорлық-зомбылықтары менің де арқама батар, – дейді.
– Қара жер, қайғырма. Мен шебер Алламын. Олардың күнәсін жойып, саған салмақ салмауға құдіретім жетеді. Мен адам ұрпағына Құран түсіремін. Марқұм болған адамдардың ұрпақтары әруақтарды еске алып, оларға Құран оқытып, дұға ететін болса, олардың күнәлары жойылып отырады. Сонда саған да артық жүк түспейді. Мұсылмандар  әруаққа  Құран оқуды тоқтатқанша осылай жалғаса береді, – дейді. Қара жер сонда барып тынышталыпты.
Қазақ жері… Ата-бабаның қаны мен тері сіңген жер. Кешегі есте бар ғұндардың заманында іргедегі жау кең байтақ жерге қызығып, оны алудың амалына кіріседі. Жау ел ғұндардың жас патшасына елшісін жіберіп: "Мөде достығымызды сыйласа, маған сәйгүлігін берсін" – дейді. Сөйтіп, күніне айшылық жолдарды алатын жүйрік тұлпарын сұратады. Мөде елдің ең атақты да ақылды адамдарын жинап, кеңесе отырып, олардың қарсылығына қарамай, жүйрік тұлпарды сыйға тартады. Бірақ қаскөй ел Мөдеге тағы да жаушы жіберіп, хан өзінің ең сұлу да сүйікті әйелдерінің бірін тарту етуін сұрайды. Мөде тағы да өзінің ең ақылгөйлерін жинап алып: "Арғымақ та, әйел де ел тыныштығының кепілі болсын", – деп, әйелін де жауға беріп жібереді. Барған сайын мейманасы тасыған жау әміршісі: "Екі ел аралығында шөп те өспейтін, суы да жоқ, ешкім мекен етпеген, бір пұшпақ жер бар еді. Сендерге мүлдем керексіз сол жерді беріңдер", – деп жаушы жібереді. Кеңесшілері беруге  де  болады, бермеуге де болады деп салғыласқанда Мөденің төзімі таусылып: "Мен қаскөйлердің екі талабын орындадым, себебі, ат та, әйел де өзімдікі болатын. Ал, жер жақсы болса да, жаман болса да халықтікі!" – деп, ол жерді жатқа беру керек дегендерді дарға асуға бұйырып, өзі қол бастап, жауға қарсы жорыққа аттанады. Сөйтіп, қара жерге жаудың табанын тигізбей, қорғап қалыпты. Сол жер бүгінгі қазақ жұртының бір пұшпағы еді. Қазір сол жер миуалы бақ, жасыл желегі жайнаған дархан дала. Қара жердің  бүккен сыры қаншама…

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓