Жаңғырта білсең, жағдай түзеледі

SAM_1763Ауа райы тағы құбылмаса, қостанайлық жер емген қауым былтырғыдай бидай жинамақ ниетте. Егіннің жай-күйін байқау мақсатында  облыс әкімі Н.Садуақасов Алтынсарин, Қарасу аудандарындағы егіс алқаптарын аралады. Осыдан кейін, әкім облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен алқалы жиында күзгі науқанға дайындық шараларын талқыға салды.
Әкімнің бұл сапарындағы басты мақсат –  астық шығымын, орақ алдындағы дайындықты өз көзімен көру. Жахжың жаңбырлы  болуы диқандарды біраз әбігерге салды. Ылғалдың мөлшері артып, бидай зақымданды.  Десе де қос ауданның егін шығымы көз қуантады. Облыс әкімімен кездескен диқандар егінді ысырапсыз жинап алса, гектарына 12-15 центнер өнім аламыз деген ойда. Тек, жаңбыр жаумай, күн ысыса болғаны. Алқаптарды аралап, егін шығымын бақылаған Нұралы Садуақасов шаруашылық басшыларына егін орағын тиісті мерзімнен кешіктірмей бастау керек деген тапсырма берді.
Жаздың алғашқы айларында жауынның болмауы Аманкелді, Денисов, Жанкелдин, Жітіқара, Қамысты және Науырзым аудандарының жер емген қауымының көңілін күпті етті. Ылғалдың аздығынан биыл гектарынан орта есеппен 5-6 центнер өнімді місе тұтуға  тура келеді. Ал облыстың орталық және солтүстік аудандарында шілде айындағы жауын жағдайды түзеп, егіннің көтерілуіне ықпал етті. Кейбір жерлерде ылғалдың  көптігінен түрлі аурулар пайда болып,  дәнді дақылдар шіри бастады. Қазіргі уақытта, аурудың адын алу жұмыстары жүргізілуде.
Күзгі орақ науқанына кірісер күн жақын. Осыған сай, облыс көлемінде әзірлік жұмыстары қарқынды жүргізіле бастаған. Техника сайланып, орақ біткен қайралуда. Бидай кептіретін қоймалар да дайын. Мұның үстіне, ағымдағы жылы жаңадан 130 тоннаға шақталған 5 егін қоймасы қолданысқа енгізіледі. 
Биыл күзгі науқанды өткізуге диқандарға 77 мың тонна дизель отыны бөлінді. Соңғы жылдарда ауылшаруашылық өндірушілері 115 млрд. теңгеге 13 мың техника алған. Облыс 60 трактор, 14 комбайн және 11 дән себу кешендерін сатып алды. Алайда ауыл шаруашылығы техникасының 70 % әлі де ескі.
– Техникаларды сатып алу қарқынының соңғы жылдары төмендегені байқалады. Науқан кезінде егіс алқабына шыққан комбайн, тракторлардың әдетте 20 % істен шығып жатады. Бұл орақ жұмыстарына әжептауір  тежеу. Аграрлық сала мамандары жақсы өнімге қол жеткізу,  техниканы жаңарту мәселесіне де назар аударуы тиіс. Соңғы жылдары ауа райы егін шаруашылығына қолайсыздау болуда.  Сол себепті жерді жаңа технологиялармен өңдеу жұмыстарына көңіл аударған жөн. Жер жарып шыққан дәнді ысырапсыз жинап, қамбаға құю басты мақсатымыз – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Айтолқын
        АЙҚАДАМОВА
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓