Облыс әкімінің құттықтауы
Құрметті қостанайлықтар!
Сіздерді келе жатқан 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Өткен жыл маңызды оқиғаларға бай болды. 2021 жыл еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен есте қалды. Биылғы жыл – атқарылған жұмыстарды қорытындылап, одан әрі дамудың жаңа жоспарларын жасауға бағытталды.
Қостанай облысы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына елеулі үлес қосқанын атап өткен жөн.
Біздің жетістіктеріміз бен жеңістеріміз – ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп отырған саяси реформалары мен Елбасы бағытының сабақтастығын сақтаудың нәтижесі.
2021 жылы біздің облыста жаңа өндірістер, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар бой көтерді. Сондай-ақ, бірқатар қоғамдық маңызы бар іс-шаралар өткізілді, ал біздің еңбек сіңірген жерлестеріміз халықаралық және мемлекеттік наградаларға ие болды. Оң серпінмен өсіп келе жатқан өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштері де жылдың табысты аяқталғанын айғақтайды.
Алдағы жылы да біздің облысымыз даму мен өркендеудің белгіленген жолын жалғастыратынына сенімдімін.
Өздеріңіз білетіндей, біз 2022 жылы халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Қазақ қайраткерінің мерейтойы ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде атап өтіледі, сонымен қатар республикалық және облыстық ауқымдағы іс-шаралар да жоспарланып отыр. Мұндай тарихи оқиғалар елдің бірлігін нығайтатыны сөзсіз.
Құрметті жерлестер!
Сіздерді осы айтулы мерекемен құттықтай отырып, атқарылған жұмыс үшін, Отанымыздың жалпы табысына деген сенім мен қолдау үшін ризашылығымды білдіремін!
Жаңа жылда Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, бақыт және сәттілік тілеймін!
2022 жыл жарқын оқиғаларға толы болып, үйлеріңізге молшылық пен бақ-береке әкелсін!
Жаңа жылыңызбен!
А. Мұхамбетов,
Қостанай облысының әкімі