Жерге қатысты заң жобасы мақұлданды
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында заң жобасымен аудандық әкімдіктердің құзыретіне ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік бақылауды жүргізу бойынша функция беру қарастырылып отыр. Ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында заң жобасында әр облыстың әкімшілік аудандары (қалалары) шегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бұл ретте, облыстың бірнеше аудандарынан немесе бірнеше облыстардан алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы алаңы «бір қолға» берілетін республика бойынша белгіленген шекті (ең жоғарғы) мөлшерден аспауы шарт. Бір қолға берілетін жерлердің мөлшері маслихаттар мен атқарушы органдардың бірлескен ұсынысының негізінде Үкіметпен бекітіледі», – деп атап өтті ҚР Премьер- Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.
Оның сөзіне қарағанда, ҚР АШМ ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін айқындау үшін тиісті Есептеу әдістемесін әзірлейді. Әдістеме әрбір аймақтың жергілікті жағдайы мен ерекшеліктерін, оның жер ресурстарын, климаттық жағдайын, тұрғындарының құрамын, ауыл шаруашылығы саласының жүргізілу бағытын, топырақтың сапасын және басқа да факторларды ескеретін болады.