Күйі келмеген құрылыс

DSC03777Бүгінде баспана мәселесімен басы ауырмайтын жан кемде кем шығар. Жасыратыны жоқ, сол бір үйге зар болып жүргендердің дені өзіміздің қаракөздер. Қазір баспананы қолма-қол ақшаға сатып алуға да кез-келгеннің қалтасы көтермейді. Шамасы жеткендері үйді пәлен жылға ипотекаға алғанды да жөн көреді.  Тіпті, баспана сатып алмақ түгілі, оны жалдауға шамасы жетпей жүрген жас отбасылары қаншама. Ал, үйсіз-күйсіз жүрген отбасының жағдайы қайдан оңалсын. Елімізде қолға алынған "Қол жетімді баспана" бағдарламасының да мүмкіндігін бәрі бірдей көріп жатыр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Сондықтан, "өз үйім – өлең төсегім"деп баспананың зарын тартқандар мемлекеттен тегін жер тиіп қалса, не сатып алса да шамалары жеткенше үй салып алуға тырысып бағуда.
DSC01670Қостанай ауданына қарасты Заречный ауылының солтүстік шағын ауданында да қазір жеке тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Кезінде бұл жерге "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша оралмандарға жүз үй салынады деген болатын. Бірақ, қаржының жетіспеушілігінен бұл жоба жүзеге аспай қалды да, жүздеген гектар жер кезекте тұрғандарға таратылып берілген-ді. Осы шағын ауданда үй тұрғызып жатқан тұрғындардың қам-қарекетін өз көзімізбен көріп қайттық. Қазір мұнда құрылыс қыза түскен, әр жерден қылтиып бой түзеп жатқан үйлерге қарап-ақ алдағы уақытта үлкен бір ауылдың пайда болатынына да еш күмән жоқ. Бір қызығы, үй салып жат-қандардың бәрі өзіміздің қаракөздер әрі жас отбасылар. Бірі үйді кәдімгі қарағай бөренелерінен, шпалдан, біреуі қамыстан, саманнан, пенопласт, газ блоктары сияқты құрылыс материалдарынан салса, енді біреулері ауылдардан ескі үйлерді бұзып әкеліп, әйтеуір әупірімдеп тұрғызып жатыр. Бәрінің де бар ойы бір баспана тұрғызып алу. Сондықтан, кейбіреулері шама-шарқына қарай үйлерінің төрт қабырғасын тұрғызып, төбесін жауып алуға тырысса, бәзбіреулері ішкі жұмыстарын аяқтап, тезірек қоныстанып алуды ойлайды. Не керек, ала жаздай дамыл таппай үй салып жатқандардың қарқынды істері жаңа ауылдың ішін құдды құрылыс алаңына айналдырғандай.
Жаңа ауылда жол, су, газ жоқ
Асылы, бұл жерде баспана тұрғызып алғандарға су, газ, жол, автобус мәселесі басты проблема болса, ал үй салуды енді қолға алғандардың бар тілегі жалға берген жердің мерзімін ұтымды пайдаланып қалу. Біз аптап ыстық пен жауын-шашынға да қарамай, қу жандары қуырдақ болып үй салып жатқандармен де тілдескен едік. Анда-мұнда көшіп, пәтер жалдаудың қияметін әбден  тартқан қаракөздеріміз жер алып, үй салу өз алдына, ең алдымен басыбайлы баспаналарының болатындығына қуанады.
– Біз де үкіметтен кезек бойынша он сотықтай жер алдық. Бастапқыда үй салудан үрейленгеніміз рас, өйткені бәрі қаржыға кеп тіреледі ғой, екіншіден үй салу үшін жұмыс күші де керек. Басында "ой, үй салу оңай емес, оданда ақшаңды жинап, сатып алған дұрыс" дегендер де болды. Бірақ, жолдасым екеуміз пәлен жылға ипотекаға алғанша, төрт-бес жылдың ішінде бір үй салып алған жеңілдеу деп шештік. Аздап жиған-тергенімізді салып, оған қоса несие алып, үй салуды бастап кеттік. Сабақты ине сәтімен деген, шүкір бәрі реттеліп келеді. Әрине, үй салу үшін қыруар қаржымен қатар, уақыт та ауадай қажет екен, сондықтан еңбек демалысымды барынша пайдаланып жатырмын. Құдайға шүкір, қазақ ағайын-туыстан кенде емес қой, бауырларым, балдыздарым мен жолдас-жораларым да бір кісідей көмектесіп жатыр. Әзірге бұл жерде ешқандай жағдай жоқ, сол себепті "өмір сүру" де оңай бола қоймас. Қалада жұмыс істейміз, не суы, не жолы жоқ жерде қалай тірлік кешеміз, соған орай салып жатқан үйімізді жауып қоюға тура келеді әрі жұмысқа шығатын уақыт та таяп қалды. Жалпы, үй салу сондай қиын емес, ерте тұрып, кеш жатсаң әрі құрылыстан хабарың болса, бар шаруаны әп-сәтте бітіруге болады екен. Кейбіреулер қазақтар үй сала алмайды деп жатады ғой, жәй сөз, сондықтан үйсіз-күйсіз жүргендерге айтарым, қорықпай тәуекелге бел буу керек, – дейді Смағұл Нұғыманов.
Талапкер ауылының тұрғыны Алтын Ибраева да осыдан он жыл бұрын жердің кезегіне тұрған көрінеді. 2012 жылы жер телімдері кезек бойынша үлестіріліп жатқанда он сотықтай жер бұл кісіге де бұйырыпты. Содан ауылдағы үйін, қолындағы бар малын сатып, оған қоса келіні мен өзі несие алып, әйтеуір әупірім-деп жүріп балаларымен бірге осы үйді салып алыпты. 83 мың теңгесін төлеп, жарық та тарттырыпты. Тек, бұ-ларға су мен жол мәселесі қатты қиындық тудыруда.
IMG_9575– Бәрінен бұрын, қолымдағы жұмыс істейтін кенже балама қиын, екі шақырымдай жердегі аялдамаға жаяу-жалпылап әрең жетеді. Қыста жол жабылып қалғанда, балам жұмысынан қалып қоймаса екен деп алаңдап отырамыз. Суды Затоболда тұратын балам жетісіне бес-алты рет қатынап, әкеп тұрады. Жаз кездерінде білінбейді, ал қыста жол жабылып қалса бір қасық суға да зар болып қалатын кездеріміз болады. Су сатып, табыс тауып отырғандар да бар, бірақ олар қымбат сұрайды. Оқитын балаларға да қиын, көлігі жоқтар анау қиян шеттегі мектепке жаяу қатынайды. Бұл жерге автобус та келмейді, өйткені жол жоқ, – дейді көп балалы ана А.Ибраева.
Ал, осы жылдың көктемінде үшінші сәбиін өмірге әкелген ауыл тұрғыны Шолпанның да жолдың кесірінен бір апта бұрын перзентханаға жатуына тура келіпті. Өйткені, қыста тау-тау болып жиналған қар көктемде еріп, тұрғындардың әбден берекесін алады, ал ондайда көлік түгілі, адамның жүріп-тұруы қиынға соғатын көрінеді.
– Отау құрғанымызға сегіз жылдан асты, үш баламыз бар. Үй салып алғанша бала-шағамен көшіп-қонып, қалада пәтер жалдап келген едік. Өз үйің болғанға не жетсін, ауылдағы ата-аналарымыздың көмектесуімен бір баспана тұрғызып алдық. Бірақ, не суы, жолы жоқ жерде тұру қиын екен. Әсіресе, балаларды мектепке тасығанда қиналамыз. Жаз кезінде еш кедергі бола қоймайды, ал қыс мезгілдерінде омбы қарды белуардан кешіп, мектепке бір жарым сағаттай жүріп барамыз. Астымызда көлігіміз бар, бірақ қыс кезінде одан еш пайда болмайды, өйткені жол жабылып қалады. Жолды ашқанша діңкеміз де құрып бітеді. Биыл сәуір айында кіші баламды өмірге әкелдім. Сол кезде осы жолдың қиындығын қатты сезіндік. Бұл жерге көлік кіре алмайтын болған соң амалсыздан бір апта бұрын перзентханаға жатуға тура келді. Газ, су, жол қашан болады, әлі пәлен жыл осылай сорлап өмір сүре береміз бе? Ең болмаса, әр үйге су кіргізіп бермесе де, он үй сайын болса да бір колонка орнатып берсе тәубә дер едік. Әйтседе, қалада пәтер жалдап, пәлен мың теңгені біреуге бергенше, жағдайы жоқ болса да өз үйіміздің болғанына шүкіршілік етеміз, – дейді Шолпан Сандыбаева.
Сабыр түбі – сары алтын…
Біз осы жерде үй салып жатқан қаншама адаммен тілдестік, бәрінің айтары бір, ол жол, су мен газ мәселесі. Айтуларынша, баспана салу да оңай емес, ал құжат дайындау одан да қиын деседі. Бүгінде жүздеген адам бар жұмыстарын ысырып қойып, үйдің құжатын дайындау үшін талай мекеменің табылдырығын тоздыруда. Ол IMG_9584айтылған уақытында дайын бола қойса жақсы ғой, бір құжатты пәлен айлап күтуге тура келеді, оған қоса құжатты қабылдайтын кабинеттердегі ұзын-сонар кезекті айтсаңызшы. Қысқасы, бір үй салып шыққанша жүйкең де жұқарып бітеді. Дегенмен, жер алғандарына да шүкіршілік еткен қарапайым халық осынша қиындықтар-ға қарамастан қаншама қаражат жұмсап, шамаларына сай үй тұрғызып жатыр. Бір байқағанымыз, ішінде суы, жарығы болмаған соң ба, әйтеуір көп үйлер пайдаланусыз бос тұр екен. Біз тұрғындардың өтінішімен, яғни жаңа ауылдың болашағы қандай, қашан газ, су, жарық тартылып, жол салынады деген сауалмен аудан басшыларына да жолыққан едік. Аудан әкімінің орынбасары Б.Көпжасаровтың айтуынша, бүгінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 478 жер телімі бөлінген көрінеді, соның 157-сі пайдалануға берілген. Жарық мәселесіне келсек, бүгінде бұл шағын ауданға жарық келіп тұр. Тек, үйлерін салып, құжаттарын дайындап болғандары ғана жарық тарта алады. Ал, ауылды ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету жұмыстары 2014-2016 жылдарға белгіленген көрінеді. Мәселен, су тартуға қатысты жобалау жұмыс-тары үстіміздегі жылдың қараша айында аяқталса, газ тартуға байланысты жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сондай-ақ, болашақта бұл жерде балабақша да салынады деп жоспарланып отыр, ал заманауи үлгідегі білім ошағы осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген еді. Сонымен қатар, шағын ауданда жеке сектордағы үйлер ғана салынып қоймайды, 2017 жылға дейін 48 пәтерлі көпқабатты екі тұрғын үйлер бой көтеретін болады. Осы жұмыстардың бәрі аяқталған соң барып қана жол мәселесі шешілмек. Ал, жол шешілген соң, қоғамдық көлік мәселесі де шешімін табатыны сөзсіз. Сондықтан Заречный ауылының солтүстік шағын ауданындағы тұрғындардың лайықты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау екі-үш жылдың бедерінде шешіледі деген үміттеміз. Тек, сабырмен сарылып күткеннен басқа амал жоқ!
Қарлығаш
   ОСПАНОВА
Суреттерде: жаңа ауылдың тыныс-тіршілігінен көріністер.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.
 

You may also like...

1 Response

  1. Arman айтты:

    расында да уй салу онай емес. бирак осы ауылда уй салып жаткандар коп, килен казактар. айтеуир казактар бейнеттен арылмай-ак койды гой. енди кайтсин, укиметтен уй тимеген сон жер алып уй салып жатырда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓