Қуанышты қазына, уанышты үміт

SAM_1623Жуырда Астана қаласында "Студенттің өзін-өзі басқару және дамуының одағы" мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитетінің ұйымдастыруымен қазақ тілін насихаттау бағыты бойынша "Мәңгілік Ел" республикалық конференциясы өтті. Еліміздің әр түкпірінен жиналған делегаттар мәжіліс тақырыбын конструктивті диалог түрінде талдап, ой-пікірлерін айтты.
Бұл игі шараның ұйымдастырылуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Мәңгілік Ел" идеясы төңірегінде болғанымен, қазіргі қазақ тілінің хал-ахуалын қамтыды. Мәжілістің модераторы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті  Омар Темірбеков "Мәңгілік Ел" идеясы жайында қысқаша сөз сөйлеп, аталған идея тақырыбындағы қазақ елінің мемлекет ретінде қалыптасып, ұлттық бағытта жүргізіп жатқан мемлекет басшысының салиқалы саясатын әңгімеледі. Содан соң "Мәңгілік ел" кітабының авторы, қоғам қайраткері Үзбен Құрманбайұлына сөз берді.
– Бұл идея Елбасының ұзақ жылдардан бері тоғытқан ой-көзқарасы нәтижесінде қалыптасып отыр, – деді Үзбен Құрманбайұлы. – Біз әлемдік өркениетке ілгері қадам басып, дамушы елдердің қатарынан орын алып келеміз. Бұл жерде қазақ мемлекетінің ғана емес, сол мемлекетте тұратын әрбір ұлт өкілдерінің көксеген арманы, мақсаты. Міне, сондықтан да біздер ең алдымен, мәңгілік елді ұйытатын, достық пен сыйластықтың, ынтымақтастықтың бірден-бір тірегі – тіл мәселесіне тоқталамыз.
Кітап авторы одан әрі қазақ тілінің ұлт пен ұлтты үйлестіретін, айрандай ұйытатын тетіктерін баяндады.
Жалпы, бұл конференцияда "қазақ тілін қалай дамыту керек? Оған ынта мен ықласты қалай арттыру қажет?" деген сияқты диалогты әңгімелер өрбіді. Бұған Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Астана қаласы бойынша төрайымы Нәсіпжан Әбдірахманова, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Сәулеш Назырова, Астана медицина университетінің профилактикалық медицина кафедрасының профессоры Мұхамбедия Ахметов мазмұнды ойларын жеткізді.
Әсіресе, қазақ тіліндегі аудармаларға қатысты Мұхамбедия Ахметовтің әңгімесі көпшілік талқысына түсті.
– Мен бұл жерде атымды оздыру үшін келгенім жоқ. Қоғамның қиғаш тұсын әңгіме ету үшін келдім. Бұл қазақ тіліне қатысты жәйт. Қазір білім және ғылым министрлігі аударма мәселесіне аса ден қойып жатқанын көрмедім. Қай кітапты алып қарасаң да қате өріп, быжып жүр. Көше-көшелердегі сиқы сүйкімді, мағынасы мен мазмұны былдырақтаған жарнамалардан көз ашып жүре алмайсың. Осы айта-айта, бара-бара әкімшіліктің табанын тоздырдым. Мен орысша білім алып, кеңес идеологиясын көрсем де намысшыл жанмын. Тілімді неге қансыратып,  жансыратып қоюым керек, – деп өткір тілін министрліктен келген өкілдерге безей түсті Мұхамбедия Ахметов.
Рас, оның сөзінің жаны бар. Қоғамдық орындарда ілінген тақталардан кеткен бірнеше лексикалық, грамматикалық қазақ тіліндегі қателерді слайдт арқылы көрсеткен Мұхамбедия Ахметовтің дәйекті пікірлері көпшілікке ұнады. Тіпті, әкімшіліктің кейбір ресми баяндамаларында жүрген "Құрметті жиналысқа қатысушы қауым" немесе "Құрметті мәжіліс қонақтары" дейтін сөздердің дұрыс құрылмағанын, олардағы тіл-стилдің орашолақтығын, шұбалаңқылығын әңгімеледі. Дұрысы "Жиналысқа қатысушы құрметті қауым", "Мәжілістің құрметті қонақтары" деп айтылуы керектігін нұсқады.
Міне, құмырсқадай өріп жүрген осындай қателермен қазақ тілінің қалай ғана көсегесін көгертеміз деген ойды ортаға   тастап, өзінің бірнеше медицина саласында аударған еңбектерін тілге тиек етті.
Кеңеске жиналған кейбір жандар қазақ тілін насихаттауды тек қана қазақ тілінде емес, орыс, ағылшын тілінде де дамыту керектігін алға тартты.
Біз конференцияда айтылған ойлар аяқ асты қалмай, алдағы уақытта тың идеямен, тың бастамамен тағы бір мәрте көтеріліп, халықтың (өзге ұлт өкілдерінің-автор) ықыласын-ниеті оянса деген пікірдеміз. Ия, бұл қуанышты қазына, уанышты үміт қой.
Нұрболат
      МЕШІТБАЕВ
Қостанай-Астана-Қостанай.
Суретті түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓