Ауызсу құны арзандайды
2017 жылы ауыл тұрғындары үшін ауызсудың бағасын төмендетуге жергілікті бюджеттен 836 мың теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Алмат Исенбаевтың айтуынша, ауызсумен жабдықтау көзі ретінде, бірінші кезекте, жерасты сулары пайдаланылады. Облыс бойынша 287 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 149 жерасты су өткізу орны жүргізілген.
«Жерасты сулары жоқ аудандарда сумен жабдықтау көзі ретінде жерүсті су құбырлары пайдаланылады. Сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы облыс бойынша 4050,3 шақырымды құрайды. Алайда олардың 46,3%-ы тозған», – деп хабарлады А.Исенбаев.
Басқарма басшысы атап өткендей, су шаруашылығы мемлекеттік қолдауға ие. Соның бірі – ауызсу беруді субсидиялау жүйесі.
«Қостанай облысында ауызсу тарифтері бір текше метр суға 127,74 теңгеден 3974,66 теңгеге дейін есептеледі. Ал, бүгінде ауыл халқы үшін ауызсу құнын арзандату үшін субсидия бөлініп отыр. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 836 444 мың теңге қарастырылды», – деді А.Исенбаев.
Бүгінгі күні облыстағы 562 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылған. Оның 178-і немесе 79,1%-ы – ауылдық жерлер. Ал шалғайдағы 34 ауылға ауыз су орталықтан жеткізіледі. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы арқылы ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға өскен. Биыл өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 9 жоба қолға алынды. Бұған мемлекеттік бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының арқасында 15 елді мекен ауыз сумен қамтылады деп күтілуде.