Молшылық мерекесі: мамандарға марапат
Меңдіқара ауданының Соснов селолық округіне қарасты "Қарқын" ЖШС ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнін атап өтті. Шара аясында үздік мамандар марапатталып, сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Тоқшылықтың нышаны іспетті тойға облыс өнерпаздары сән берді.

Мұндай мерекеге шаруасы қарқындаған, астығы алтын болған Харьков елді мекені алғаш рет куә болып отырған жоқ. "Қарқын" ЖШС шаруалары табысты еңбектің тойын дәстүрлі түрде ауылдастармен бөліседі. "Үлгілі ауыл, дүлдүл ауыл" биыл да жылды жаман қорытындылаған жоқ. Қамба нанға, өріс малға толды. Мерекеге өзге де себептер жоқ емес. Бұл туралы ҚР Еңбек Ері, серіктестіктің негізін қалаушы, Қостанай облысының, Меңдіқара ауданының құрметті азаматы Сайран Бұқанов тілге тиек етті.

– "Қарқын" ЖШС бүгінгі таңда еңселі шаруашылыққа айналды. Меңдіқара ауданының ғана емес, облыс экономикасының дамуына қосқан үлесі бар. Танымал, тегеурінді, өз дәстүрі орныққан, мамандары білікті серіктестік. Жалпы, менің директорлық тізгінді балама бергеніме 2 жылдай болды. Ол өз ісін біледі. Өрге бастыра береді деп сенем. Ал мен бүгінгі мереке аясында әріптестермен қимастықпен қоштасуды жөн санадым. 37 жыл уақыт ішінде еңбегіме адал болдым деп ойлаймын. Жүрілген жолды, атқарылған істі тізбектеп жатпайық. Мереке құтты болсын", – деді Сайран Балкенұлы.

Ол құттықтау лебізінен соң көрермен залының алдыңғы қатарында отырған бұрынғы қызметшілер, бүгінгі еңбек ардагерлеріне сый-сияпат жасады. Қариялар былайғы уақытта да құрметтен кенде емес – серіктестік есебінен отын-су тегін түсіріліп береді. Бұл жолғы демеу де еңбеккерлердің көңіліне жылу ұялатқандай.



Жалпы, шаруашылықтың өркенді ісі, кешегісі мен бүгіні жайлы сыр шертпек үшін сахна төріне сала білгірлері, аудандық басшылық өкілдері, өңір кәсіпкерлері шақырылды. Қазіргі директор Еркін Сайранұлы да серіктестіктің тыныс-тіршілігінен мағлұмат берді.

-Биылғы ауа райы анағұрлым қолайлы болды десек те, бидай ору ісі ешқашан оңай болған емес. Сондықтан бел жазбай еңбек еткен әрқайсысыңызға рахмет. Осы жолы облыстық көрсеткішті еселеп, гектарына 22 центнерден астам астық жинадық. Мал шаруашылығы мен құс өсіру бағытындағы жұмыстар да нәтижесіз емес. Шаруамыз алға баса берсін, бұл сіздердің мерекелеріңіз,-деді Е.Бұқанов.

Салтанатты шара аясында шаруашылықтың қызметкерлері "Үздік бас маман", "Үздік жүргізуші", "Үздік механизатор", "Үздік бақташы" сынды аталымдар бойынша марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Еңбекшілердің тағы бір парасына аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.





Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков