“NUR OTAN” – ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА
Елордада "Nur Otan" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, партияның Мәжілістегі фракциясы, "Jas Otan" жастар қанатының, партияның облыстық филиалдарының жетекшілері қатысты деп хабарлайды "egemen.kz" порталы.
Елбасы өзінің кіріспе сөзінде биыл елімізде Nur Otan партиясының бастамасымен ауқымды шаралардың өткеніне тоқталды. Бір жыл ішінде партияның екі съезі өткізіліп, 20 жылдығы аталып өтілді, ал маусым айында Президент сайлауында Nur Otan партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіп, Президент атанды.
Кеңейтілген отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының жұмысын жаңғырту жөнінде сөз қозғап, партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдерінің орындалу барысына тоқталды.
– Партиямыздың дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын бәріміз түсініп отырмыз. Nur Otan еліміздің жетекші күші ретінде саяси басшылықты бекемдеп, стратегиялық бағыттан ауытқымауы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруы тиіс. Бұл бос айтылған сөз емес. Біз – Қазақстанның, халықтың ортасындағы елді алға жетелейтін ұйымбыз. Егер ондай маңызды міндеттің үдесінен шыға алмасақ, орнымызды басқа партия басады. Сондықтан жауапкершілікті барынша сезінуіміз керек, – деді Тұңғыш Президент. – Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек. Сонда партияның беделі асып, халықтың қолдауына ие болады. Үкімет пен барлық атқарушы билік білек сыбанып, Nur Otan партиясының және сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындай отырып, елдің алдында тұрған нақты мәселелерін шешуі тиіс.
Nur Otan партиясының төрағасы 2018 жылы сайлау заңнамасы жетілдірілгенін, алдағы сайлаулар конституциялық мерзімде өтетінін және мәслихаттардың келесі сайлауы алғаш рет Мәжілістегідей партиялық тізім бойынша өткізілетінін мәлімдеді. Осы ретте Елбасы партия жекелеген оппоненттердің, блогерлердің бұрынғы мажоритарлық жүйеге оралу, мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы пікірлеріне жауап беру керектігін, мажоритарлық жүйеге көшуді қолдап жүргендердің нақты ұсыныстары жоқтығын, билікті сынап сөйлегендері бос сөз ғана екенін айтты.
– Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек. Сонда партияның беделі асып, халықтың қолдауына ие болады. Жалпы экономикалық және саяси өрлеуде дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенгеніміз жөн. Алдымен дамудың негізі – саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім. Ал дағдарыстар кезеңінде жүйені іштей және сырттай сілку өте қауіпті. Қайта оны нығайтып, жұдырықтай жұмылып, алға жылжуымыз қажет. Екіншіден, ортақ табысқа қол жеткізу үшін қоғамның тұтастығын бекітіп, халықтың жай-күйін түсінетін мықты көшбасшы және күшті партия қажет. Елдегі тұрақтылықтың сақталуына мүдделі келетін орта таптың үлесін арттыру – басым бағыт. Өз үйі, жұмысы, тұрақты табысы бар бұл таптың өкілдері елдің тыныштығын қалайды. Бізге стратегиялық бағыттың осындай бірізділігі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тұңғыш Президент алдағы сайлаулардың алдында партияның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, оны «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» деп атады.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті түбегейлі күшейтіп, тазалық жүргізу қажет. Мұны жиі қозғап жүрміз. Сайланған Президент те бұл туралы айтты. Аталған бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ бұған халықтың өзі де атсалысу керек. Батыстың үздік университеттерінде оқыған 10 мың қазақстандық сынақта ақша беру дегенді кездестірмеді. Ал бізде мұндай жағдай әлі де бар. Балалары оқуға түссе, артынан ауылдағылар соғымын да беріп жібереді. Ректорлармен жұмысты күшейту керек, – деді партия Төрағасы.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістегі фракцияның жетекшісі лауазымына Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Мәжіліс спикері ретінде Н.Нығматулин алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұмысын қайта жандандыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыра алатынын жеткізді.
Сонымен қатар Тұңғыш Президент мәселелерді шешу үшін заңнамалық бастамаларды белсенді түрде іске асыру керектігін айтып, өңірлердің дамуына нақты ықпал ете алатын мәслихаттардың жұмысына тоқталды. Заңнамаға сәйкес мәслихаттар бюджетті, жергілікті даму бағдарламаларын бақылап отырады. Бірақ Елбасы бүгінгі таңда өз деңгейінде тиімді жұмыс істеп отырмаған мәслихаттарды қатты сынға алды.
Нұрсұлтан Назарбаев халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынды.
Бұған қоса Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел алдында тұрған экономикалық проблемаларға тоқталып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа шаралар ұсынды. Атап айтқанда Елбасы бизнес үшін салық ауыртпалығын төмендету арқылы экономикаға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынды.
Елбасы кеңесте бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі туралы да сөз қозғап, әртүрлі жолдармен сыни материалдардың жолын кесетін шенеуніктердің баспасөзге қысым жасауын доғару керектігіне тоқталды. «Егер осындай жағдай тіркелсе, қандай лауазымда болса да жұмыстан шығарамыз. Кім болса, ол болсын», деді Елбасы.
Тұңғыш Президенттің осы сөзі және Саяси кеңес бюросының құрамына алғаш рет БАҚ басшысының кіруі отандық баспасөздің мәртебесін көтеріп қана қоймай, жалпы осы салаға да зор жауапкершілік жүгі артылатынын байқатты.