Өмір-кезек
Елордаға қыдырып келгеніне екі күн болған Ерден отбасымен жағалауды бетке алған еді. Есілдің оң жағалауындағы қайықтар тоқтайтын бекетте ығы-жығы адам. Бұлардың да жоспары қайыққа отырып, кешкі Астананың айшықтарын тамашалау болатын. Кісі аяғы саябырлайтын түрі жоқ. Ерден келіншегі мен екі баласын шеткерілеу жерге қалдырып, өзі касса алдындағы ұзын-сонар кезектің соңын іздеуге кірісті…
Біраздан соң қолына билет тиген Ерден мұнымен іс бітпегенін енді түсінді. 40 орындық су қайығының жақындағанын көрген жұрт бірін-бірі итеріп, жағалауға қарай ығысты. Арасына бірер жыл салып дүниеге келген екі сәбиін құшақтаған қалпы бұлар да қайыққа қарай беттеді. Жаға жыртысуға жақын қалған жұртқа араласуға бұларда дәрмен жоқ.
Судағы серуеннен оралған жұртты алдыңғы есіктен түсірген қайықтың капитаны артқы есікке жақындай келе: «Бәріңізге орын жетеді, билет қайықтағы орындар санымен есептелген», – деп, даурыққан көпшілікке басу айтпақ болды. Бірақ оның сөзін елейтін ешкім жоқ. Қайыққа отырғызатын алаңда иық тірестірген қалпы кімнің кезегі алда екенін анықтаумен болды.
…Неге адамдар кезекте тұрып, осыншама бет жыртысуға дейін барады екен? Бұл қайыққа үлгермесе, келесі қайық бар емес пе? Қолында билеті бар адамды ешкім де жағажайда қалдырмайды ғой…
Ерден кішкентай қызын құшақтаған күйі терең ойға беріліп кеткенін өзі де сезбепті.
– Кішкентай баласы бар мына жастарды өткізіп жіберсеңдерші, – деп сөзге киліккен кейуананың дауысы мұның ойын бұзып жіберді.
-Ештеңе етпейді, апа, күте тұрамыз ғой, – деді бұл әдеттегідей кішіпейілдік танытып.
Әлден уақытта, қайыққа ұмтылған жұрттың соңына ала бұлар да қайыққа отырды.
Қайыққа отырғандар өзеннің арғы жағалауына таман жарқ-жұрқ еткен лазер отымен безендірілген шоуды тамашалап мәз. Зәулім үйлермен теңесе атқылаған субұрқақтар қызылды-жасылды бояуға малынғанда, өмірдің қызық сәттерін бейнелегендей болды бұған.
Артына бұрылып қарап еді, жағалауда келесі қайыққа билет алған жұрт өз кезегін тосып тұр екен. Кенет ойына:
«Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр…», – деген ән жолдары есіне түсті.
Ерден тағы да ойға кетті. Егер келместің кемесіне мінесіңдер десе, адамдар осылай кезекке таласар ма еді?! Әрине, жоқ!
Ендеше, неге қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімен сыйласып, ізеттесіп өтпеске?! Адамдар болмашы дүние үшін, біреуге ауыр сөз айтып, жанын жаралағаннан не тапты? Небір ойлар көңілін толқытқан Ерден өзін қоярға жер таппады.
Кешкі самалмен тербетілген қайық жағалаудан алыстап бара жатты…
Ерлан Қалмақов,
Қостанай қаласы