«Алмас қылыш» қап түбінде жатпайды…
Жаңа жылдың алғашқы аптасы көптен күткен «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесерінен басталды.
Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен түсірілген киноны көрермендер асыға күтетін бірнеше себеп бар. Біріншіден, фильмнің түсірілімі Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу шеңберінде бастау алды. Екіншіден, отандық киноның төңірегінде небір қарама-қайшы пікірлер үміт пен сенімнің арасын алшақтатып бақты. Үшіншіден, шындығын айту керек, соңғы бірер жылда қазақ кинематографиясы қарқынды дамып, әр түрлі деңгейдегі туындыларды ұсынып үлгерді. Бір сөзбен айтқанда, көрермен қазақ киносын іздеп көретін жағдайға жеттік. Ал, осыған біздің кинотеатрлар қаншалықты дайын?
Осы тұсқа келгенде, кібіртіктеп қалатынымыз рас…
Қостанайлық кинотеатрлардың ғаламтордағы парақшасынан «Алмас қылышты» іздеп, жыпырлаған сеанстар тізімінен әрең дегенде таптым. Ең алдымен, 1 ғана кинотеатрда күніне 1 көрсетілім ғана жоспарланғандығы жаныма аяздай батты. Одан сорақысы, сол жалғыз көрсетілімнің өзі жұмыс уақытында, сағат 15.00-ге қойылыпты.
Естеріңізде болса, осыдан біршама жыл бұрын телеарналар мемлекеттік тілдегі фильмдер, бағдарламалар, бейнеклиптерді түнгі 12-ден кейін көрсететін. Сол кезде ақпарат құралдары «Қазақтар түнімен теледидар көреді ме?» деген мысқылмен бірталай материалдар жариялаған болатын. Ол оқиғаның арты заңнамаға өзгеріс енгізіп, мемлекеттік тілде хабар тарату нормаларын бекітуге итермелеген еді.
Енді, міне, кинотеатрлар мемлекеттік тілдегі туындыларды күндіз көрсетуді әдетке айналдырғанға ұқсайды.
Дереу кинотеатр әкімшілігіне хабарласып, қатардағы азамат ретінде бар өкпе-базынамды жеткіздім. Көңілге демеу болғаны – телефонның арғы жағындағы дауыс маған мейлінше ілтипатпен жауап қатты.
-Сіз білесіз бе, бұл өзі бір қызық жағдай болды, – деп мән-жайды түсіндірді әкімгер жігіт.- Бұл фильмнің әкімгерлерінен ешқандай ұсыныс келіп түскен жоқ. Бірақ, біз премьера туралы ақпарат тиісімен, оларға хабарласып, өз кинотеатрымызда көрсетуге дайын екендігімізді жеткіздік.
Өзін Сергей деп таныстырған әкімгердің әңгімесінен түсінгенім, әр фильм бойынша шарттың талаптары болады. Бұған дейін жасалған келісімдерге сәйкес көрсетіліп жатқан фильмдердің күн сайынғы көрсетілімдер саны белгіленіп қойылған. Сәйкесінше, көрсетілімдер кестесіне «Алмас қылышты» күніне бір-ақ рет қосу мүмкін болып тұр екен.
Дегенмен, Сергей жағдайды түзетуге ықпал етуге сөз берді. Алдағы аптада фильм күніне 2-3 рет көрсетілетін болады. Жұмыс күні аяқталған соң, кешкі уақытта да киноны тамашалауға мүмкіндік тумақ.
– Қазір отандық кинотуындыларға сұраныс көп. «Құнанбай», «Анаға апарар жол», «Он алты қыз», «Бизнес по-казахски» т. б. фильмдерге көрермен көптеп жиналды, – деп түйіндеді сөзін Сергей.
Кеңпейіл қазақтың бір баласымын ғой, оның осы бір пікіріне ішім жылып қалды.
Тек кешегі «Алмас қылыштың» алғашқы көрсетіліміне бара алмағаным өкінішті. Өйткені, ол уақытта мен де сіздер сияқты, жұмыста болдым…
Ерлан Қалмақов,
Қостанай қаласы.
Мақаланың "Алмас қылыш" қап түбінде жатпайды дегенінің мағынасы Қандай? "Алмас қылыш" қын түбінде жатпайды десе өтімдірек болмай ма?!