Абырой

Әдеттегідей, жұмыс күнімді ғаламтордан соңғы жаңалықтарды оқудан бастадым.
Шынтуайтына келгенде, соңғы кездері жағымсыз жаңалықтардан көз ашпайтын болдық. Оған етіміз «үйреніп» кеткен де секілді. «Баласы әкесін бауыздап кетіпті», «Немересі әжесін тонап кетті», «Отағасы отбасы мүшелерін жайратып салыпты», «Жаңа туған нәрестесін дәретханаға лақтырып кетіпті» және осы сипаттағы жаңалықтар бүгінгі қоғамның бетпердесін ашып бергендей. Мұндай бәтшағарлар заңды да пысқырмайды, шамасы оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа да жоқ». Ақпарат құралдары болса, бұл жаңалықтарды алаулатып-жалаулатып, эфирге шығаруға, газет бетіне беруге асық. Тіпті сол жолда бір-бірімен бәсекеге түсетін сынды…
…Бүгінгі жаңалық бұрынғылардан өзге болып шықты. Республикалық ақпарат порталының бірінен «Қостанай облысында анасы мен баласы 24 жылдан кейін бір-бірімен қауышты» деген хабарды көзім шалды.
Қостанайлық Марат Бучиев анасымен ширек ғасыр уақыттан кейін жүздескені туралы хабар ешкімді бей-жай қалдырмаған секілді.photo_177989
(Сурет pavon.kz сайтынан алынды)
Маған баланың есімі таныс көрінді. Оқиға желісін оқи отырып, есіме түсті: өткен жазда «Қостанай таңы» арашаға түскен жігіт екен.
Мараттың жағдайы туралы жазған кезде, кеудесінде намысы бар азаматтар дереу редакцияға хабарласып, қол ұшын созуға даяр екендіктерін көрсетті. Ықылым заманнан жетімін жылатып көрмеген халқымыз бұл жолы да қамқорлық танытты. Қара шаңырақтың арқасында өмірі өксікке толы жігіттің жанарына от, кеудесіне үміт ұялағандай болды.
Сөйтсек, ол үміттің әрі қарай жалғанатын жері бар екен. Бұл қуанышты жағдайға өз баласынан бөлек тағы да сегіз баланы бауырына басқан Төлегеновтер отбасы себепкер болса керек.
Тағдырдың жазуымен баласынан бас тартуға мәжбүр болған Ана ботақанынан абайсызда көз жазып қалғанға ұқсайды. Әйтпесе, жеті бірдей ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеген жанның жүрегінде сегізінші бөбегіне орын табылмады деуге сену қиын.
Бұдан әрі Ананы да, баласын да талқыға салар жайым жоқ. Қалай болғанда да, Ана мен баланың қауышуы – бәрімізге де Абырой болды. Айтайын дегенім, баршамыз өмірдің өзі берген осы бір сабақтан тәлім алуымыз керек-ау.
Абайсызда от басқан немесе тағдырдың басқа да тезіне байланысты ана жүгін арқалаған аруларымыз бұл сыннан сүрінбесе екен! Жаратқанның жазуымен жүрегінің түбінен орын алған шақалақтарын жол бойында қалдырмаса екен! Бойжеткен қызының қателігін кешіруге дәті жетпеген әке-шешелер немересінің өміріне балта шаппаса екен!
Бәрін қойшы, атаның адал қаны дарып, ананың ақ сүтін арда емген Азаматтарымыз Аруларымыздың арын аялап, Алаштың абыройына нұқсан келтірмесе екен!
Иә, ұмытып барады екенмін… Бұл – жалғыз менің ғана емес, көптің тілегі болса екен…      

You may also like...

4 Responses

  1. Алмас Садвакасов айтты:

    Өте әсерлі оқиға, шыны керек соңғы оқиғалардың төңірегінде халқымыз біреудің мінін, қатесін, зорлық пен зомбылықты жағымды хабардан көп күтетін секілді. Әйтеуір біреу аяғын шалыс басса соған 1000 комментарий жазуға құлшына кірісетіні қарныңды аштырады. Осы мақаланы өзім де оқып шықтым, ұнады. Естуім бар, сол естігенімді еш өзгерту қоспай жазсам, "это не время изменилось, а СМИ начали более открыто вещать" деген бар. Олай болса онда БАҚ әрбір жағымсыз хабардың қасына бір жағымды осындай тәрбиелік мақала беріп отырса екен. 

  2. Азамат айтты:

    "Қостанай таңы" осы жігіттің аяғынан тұрып кетуіне көп септігін тигізген сияқты. Басын бастап, соңын сиыр құйымшақтандырып жіберместен, баланың басқан ізін қадағалап жүрді. Ақша жиып, Алматыға да аттандырғанын естідім. Енді міне, анасымен табысуына да септігін тигізіп отыр. Ұдайы бақылап, жақсы жаңалықтарын жиілетіп жариялап отырыңыздар.

  3. Әсем айтты:

    Енді осы жігіт туралы фильм түсіруге болады. Өмірде не болмайды. Тек жақсылықпен аяқталып жататындары көп болса ғой.

  4. ӘБДІҚАДЫР ӘБДІРАЙЫМұлы ӘБІЛТАЕВ айтты:

    ЕРЛАН бауырым!  Өзіңнің блогіңде  жазғандарыңды  бүгін  бірінші рет  көріп,  тегіс  оқып  шықтым. Жазғандарыңа елең  етіп,  ой-пікір, ұсыныс-тілек, алғыс-рақмет  айтқан  оқырмандар  мен  жақсы  жанашырлық  танытып,  үн  қосқан  замандастарыңа  риза  болып,  қуанып  қалдым!          "Ойды — ой  қозғайды" деген.  Ел-жұртқа,  ертеңгі  болашағымызды  жалғастыратын  жастарға  ақыл-кеңес,  үлгі-нұсқа  беруге  қазіргі  атқарып  отырған  жауапты  қызметің — біріншіден,  жол  ашып  тұр,  екіншіден,  тікелей  міндетіңе  де  кіреді.  Сондықтан,   уақыт  тауып,  әсіресе,  жастармен осылай  ой  бөлісуіңді  өрістете түс!   "Елу  жылда — Ел жаңа,  жүз  жылда — қазан"  деп  ескерткен  ата-бабаларымыз!  ҚАЗАҚ  деген  ке-ре-мет ! ! !  ХАЛЫҚтың,  қонақжай,  мейірімді,  шешен, данышпан, т.т.с.  ұлттың әрбір  отбасы  тәрбиелі  ұяға  айналуы  керек.  Сонда  ғана  "Ұяда  не  көрсең — ұшқанда  соны  ілесің"  деген  шындыққа  айналады.  Әрине,  оңай  шаруа  емес!  Алайда,  Бізде  ұлттық  тәрбие  мен  тәлімнің  негізі  бар  ғой?!  Тек  соны  заман  сұранысына  сәйкес  қайта  құра  білуіміз  қажет.  Ол  үшін  ізденіс  керек,  еңбек  етіп,  тер  төгу қажет.  Соған  ықпал,  әсер  ететін  тәрбие  орнының  басшысысың!  Сол  жолда  СӘТТІЛІК  тілеймін,  БАУЫРЫМ!!!

    Ақпарат мына сайттан алынды: https://old.kostanaytany.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓