Теңге көрмесін тамашалады
Бүгін теңге күніне орай, ҚР Ұлттық Банкінің Қостанай облыстық филиалының базасында кәсіби мерекеге арналған ашық есік күні өтті. Іс-шараға мектеп, колледж оқушылары мен коллекция жинаушылар, нумизматтар және қала тұрғындары қатысты.
Жиналғандарға ұлттық валюта – теңгені, Банкноттық фабриканы, Қазақстан теңге сарайын қалыптастыру тарихы туралы бейне материалдар көрсетілді. Ал, монета көрмесінде облыс нумизматы Алексей Алтуховтың жеке ескерткіш монеталарының коллециясы ұсынылды. Ашық есік күніне келген Б.Момышұлы атындағы №5 орта мектебінің кадет сыныбының оқушылары теңге туралы викторинаға қатысып, жеңімпаздарға тәтті сыйлықтар мен ескерткіш монеталар табысталды. Сондай-ақ, жиналғандар Ұлттық Банк қызметінің негізгі бағыттарымен және қаржылық сауаттылық негіздерімен де танысты.
Қарлығаш ОСПАНОВА