Үміт

Әрбір мереке әр адамның есінде түрлі оқиғалармен сақталып қалады. Кейде сол оқиғалар белгілі бір ой түюге де итермелеп қояды. 
Халықаралық әйелдер күнінде мен екі оқиғаның куәгері болдым.
Маңызына қарай кейінгісінен бастайын.
9 наурыз күні Қостанайда Мақпал Жүнісованың концерті өтті. Халық әртісінің концерті шынымен халықтың көңілінен шықты. Әнші үшін одан артық бақыт та жоқ болар.
Мұның 8 наурызға қандай қатысы бар дейсіздер ғой?
Мақпал ханымның өзінің айтуынша, концерттің күнін белгілеуде әдейі мерекеге орайластыруды жөн көріпті. Ол үміті ақталған да сияқты. Залға алды 97-ге келген ақ жаулықты аналар (жасын әншіге батасын беріп жатқанда өзі айтты – автор), орта жастағы жеңгелер, қазақ өнерінің қадірін білетін қаракөз арулар лық толды.
Концерттің мерекеге тағы бір қатысы – «Қызыма сыр» деген әнмен басталып, «Қазақтың ерке қызымын» әнімен аяқталуында болар. Халықтың сұрауымен «Фариза» әнін домбырамен нақышына келтіре орындаған әнші көз жасына ие бола алмады, халық та қоса егілді. Осының бәрі Қазақ қызына деген ерекше құрметті тағы бір мәрте паш еткендей көрінді.
…Келесі оқиға 8 наурыз күні орын алды. Таңғы 4-тер шамасында бейтаныс жігіттер есігімізді қағып оятты. Тәтті түстің мезетінде күтпеген «қонақпен» есіктің арғы жағынан тілдестім. «Үйде қыздар бар ма?» деп орысша сауал тастады бейтаныс жігіт. Қайдағы қызды айтып тұр? Түк түсіне алар емеспін. «Жігіттер, үйде кішкентай бала бар, есікті қағуды қойып, жөндеріңе жүріңдер» деуден басқа амал қалмады. Сәлден соң, жігіттер есікті шатасып қаққанын айтып кете барды. «Кешіріңіздер, қарындасымды іздеп жүр едім. Осы мекен-жайды айтқан сияқты еді. Бәлкім қате естіген болармын» деді «қонағым»…
Осыдан кейін біраз ойлар мазалап қоймады. Бір жағынан қарындасына алаң болған жігіттің жайын ойладым, екінші жағынан ағасын алдаған қыздың беймезгіл уақытта түзде жүргені жаныма батты. Аға мен қарындастың арасындағы жылы қабақ қатынастың ертесіне күл-паршасы шығады-ау деген өкініш те кеудеме ұялады…
Қазақ атамыз қай кезде де қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Бұл – біздің ұлттық болмысымызды баяндайтын, ұрпақ өсірудегі бірден-бір ерекшелігіміз десек те артық айтқандық емес.
Концерттен кейін Мақпалдай әншілердің әнін тыңдап өссе, қазақ қыздары «аналардың үзігін жалғап», игі жақсылардың ізін басады-ау деген үміт оты жылт етті…
 

You may also like...

1 Response

  1. Әлия айтты:

    Рас-ау, "Қызға қырық үйден тыю" деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Жұрттың бәріне тас лақтыру қиын, әрине… Әттең, осындай жайттар кездескен кезде "ботам-ай, алда әлі осы қылықтарың үшін  талай рет бармағыңды тістейсің-ау" деген жүрек сыздатар ойлар адамды еріксіз маалайды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓