«Тілі бірдің – тілегі бір»

Осындай атаумен облыс орталығындағы «Мирас» мәдениет сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналған облыстық жастар форумы өтті. Жиынның мақсаты қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және оның мәртебесін арттыру болып отыр.тил
Шараны жүргізушілердің өзі ұлттары орыс болса да, мемлекеттік тілді жетік меңгерген жұптан құралған. Форумға облыстық билік пен басқарма өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктері қатысты.
«Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ ол – сіздер мен біздер, яғни Қазақстан халқы болып табылады»,- деді форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы Арман Әбенов.
Тіл дамыту саласына өздерінің елеулі үлестерін қосып жүрген талантты да талапты Тәуелсіз еліміздің құрдастарын облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапаттау рәсімімен жалғасын тапқан іс-шара барысында ән шырқылып, күй күмбірледі. Мемлекеттік тілді еркін меңгеріп,  әр түрлі салада еңбек етіп жүрген түрлі этнос өкілдері тарихтың ауыр кезеңдерінде қазақ халқының тағдыр талқысына ұшыраған талай ұлыс баласын бауырына басқандығын айта келіп, жиналған жұртты тіл мерекесімен құттықтады.
Тіл байлығына мұрагер болып, ана тілін ардақтауды мақсат тұтқан азаматтар форумы барша облыс жастарын мемлекеттік тіліміз – кеңпейіл қазақ халқының ана тілін қастерлеуге, оның қолдану аясын кеңейту тұрғысында жүргізіліп жатқан іс-шараларға барынша қолдау көрсетуге шақыратын үндеумен аяқталды.
 
Алмас Байдрахманов.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓