Қосулы бол, Qostanai’!
Қостанай облысының төл арнасы жаңа маусымның ашылуына орай көрермендерімен жүздесіп, биылғы бағдарламаларды және арнаның жаңа атауын таныстырды. Салтанатты шара Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өтті.
«Қазақстан» ұлттық арнасы ағымдағы жылы ребрендинг жариялап, өңірдегі филиалдардың тарихи атауымен атап, латын қарпіне ауысқан болатын. Осылайша, астықты аймақ арнасы бұдан былай Qostanai’ деп аталады.
Облыстық арна ширек ғасырдан астам уақыт халық игілігіне қызмет етіп келеді. Бұл кешке облыстық телевизияның қалыптасуына, оның дамуына айрықша үлес қосқан азаматтар, өңірдегі майталман тілшілер қатысты. Олар өткеннен сыр шертіп, ұжымның бүгінгі аяқ алысына баға берді. 1991 жылы облыстағы тұңғыш арнаны ашқан, сол кездегі облыс әкімі Кенжебек Укин әуелгілердің бірі болып сөз тізгінін алды.
-Тәуелсіздік алған жылы министр Қуаныш Сұлтанов хабарласып, өңірге бір арна керектігі жайлы сөз қозғады. Содан соң көп ұзатпай ғимарат тауып, шағын телестудия пайда болды. Сөйтіп, үлкен телекомпанияға айналды. Бүгіндері арнаның жұмысы көңіл қуантады. Облыстың атын асқақтатып, мерейін асырып жүріңдер!-деді К.Укин.
Кенжебек Үкіұлы 1991 жылы, 1 ақпанда облыстық арнаның ашылу рәсімінде түскен тарихи суретті телекомпанияның директоры Еркін Таңатқанұлына сыйлады.
Өз кезегінде Еркін Мұхамеджанов салтанатты шараға арнайы келген жұртшылыққа алғысын білдірді.Qostanai’ арнасы биыл көрерменге «Ақ орамал», «Жаназық», «Елбесік», «Депутат сағаты» атты бірнеше танымдық-ақпараттық бағдарламалар ұсынады. Көрермен қуанышын бөлісу үшін «ТілекTime» үздіксіз жұмыс істемек.
Арнаның аяқтан тұрып, еңсе тіктеуіне зор үлес қосқан, талай жыл телевизияда тер төккен журналист, облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакторы Жанұзақ Аязбеков сөз сөйледі.-Бүгін үлкен мереке. Облыстық арна біздің киелі Тәуелсіздігімізбен түйедей құрдас. Бұл арнаның басқа облыстарға қарағанда айырмашылығы бар. Біздің филиал заманауи, уақыт талабынан сай дамып келеді. Өйткені, алғаш қағылған қазық та, ұжым да мықты болды. Қазір осы қара шаңырақта ұрпақтар сабақтастығы жақсы қалыптасып келеді. Ілгерідегі ағаларымыздың еңбегі көп еді. 500 шақырым жерге барып, 3 минуттық хабар жасау оңай шаруа емес. Халықтың алдына шығып сөйлеу үшін де батылдық керек. Міне, осының бәрін көрген кәнігі тілшілер бар мұнда. Күлтай Әбдірахманова, Назгүл Құдайбергенова, Қабылахат Сейдамхетов, Дәуренбек Әбдібек сынды саңлақтар осы арнаның айнасы. Бүгінгі директор Еркін Мұхамеджанов та алғашқы қадамын бізден бастаған болатын. Астана асып, өзін дәлелдеп, елге танылып қайта оралды,-деді Ж.Аязбеков.
Арна қызметкерлері, оның ішінде тілшілер қосыны тек көсемсөзбен шектелмейді, олар талантты әнші әрі түрлі аспаптың тілін түсінген өнерпаз екені рас. Облысқа танылып үлгерген журналист Ербол Ипберген, Бауыржан Бөгенбай, Айдана Өміржан жұртшылықты әсем әндерімен сүйсіндірді.
Шырақбек Қалыбаев атындағы ҚР ІІМ-нің академиясының директоры Мирлан Қызылов өз алғысын айтып, арнада көп жыл қызмет еткен Күлтай Әбдірахмановға академия төс белгісін тақты.
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АҒАЙЫН-ӘЛЕУМЕТ! Бұдан былай Qostanai’ деп аталатын астықты, ХАЛЫҚ тілегі қабыл болса — қалың қазақи АЙМАҚ болатын ТОБЫЛ-ТОРҒАЙ елінің жаңа АРНА атауы!!!