Іскер азамат
Өткен жыл торғайлықтар үшін сәтті жыл болды. Бірқатар әлеуметтік нысан бой көтеріп, қалыпты жұмыс жүргізіп келеді. Ауданның да ажарына сән кіріп, әлеуметтік-экономикалық ахуалы арта түсті. Оған аудандағы іскер адамдардың қосқан үлесі бар…
Бұл азамат – Қойгелдин Асқар Жаңқылышұлы. 30 жылға жуық аудандық өрт сөндіру бөлімінде басшылық қызмет атқарды. Мемлекеттік қызметкер ретінде бірнеше рет аудандық, облыстық, республикалық марапаттарға ие болды. Кейінгі жас буын өкілдеріне, әріптестеріне өзінің ыждаһаттылығымен және жауапкершілікпен атқараған мінсіз қызметінің арқасында үлгі бола білді. Асекең көп сөзге жоқ. Керсінше, іскер азамат. Өз ортасында сыйлы. Осыдан екі жыл бұрын әскери зейнетке шықты. Қол қусырып қарап отыруды жөн санамаған ол аудан орталығынан өз қаражатына шағын наубайхана ашты. Ұн өнімдерінен жасалған күлше нан, тоқаш, тағы да басқа тәтті тағамдарды арзан бағамен сатылымға шығарды. Тұтынушылар тарапынан тапсырыстар қабылдап, ел игілігіне қызмет жасауда. Оның сыртында 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шағын наубайханада жұмыс істейтін екі адам аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы арнайы оқып, сертификат алған.
Кәсіптің көзін тапқан Асқар Жаңқылышұлы “Дәулет” азық-түлік дүкенін ашты. Аудан әкімі Шота Оспанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Серік Нұрғазин бастаған билік өкілдері ізгі тілектерін арнап, салтанатты түрде лентасын қиды.
Аудан басшысы өз сөзінде кәсіп ашып баюды емес, халықпен санасып жұмыс істеу керектігін алға тартты. Бағаны тұрақтандырып, тауарлардың сапасына көңіл бөлу жөнінде де әңгіме қозғады. Неғұрлым тауар бағасы төмен болса, тұтынушылардан сұраныс соғұрлым көп болатындығын айтты. Келешекте бағаны үнемі қадағалап отыратындығын тілге тиек етті. Сөйтсе ғана күрделі мәселенің күрмеуі шешілетінін жеткізді.
“Кеңес” шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық кәсіпкерлер ұйымының төрағасы Талғат Мырзағалиев аудан кәсіпкерлерінің атынан сөз алып, игілікті іске сәттілік тіледі. Жыл санап аудандағы кәсіпкерлердің қатары көбейіп келе жатқандығын хабардар етті.
Асқар Қойгелдин бұл жолы да азық-түлік дүкенін ашуға өз тарапынан қаржы жұмсап, заман талабына сай құрылыс жұмыстарын жүргізді. Жаңадан ашылған дүкеннен алғашқы сауда жасаған адамға жаңажылдық сыйлық берді. Алдағы уақытта азық-түлік тауарларын облыс орталығынан алдырмақшы. Оның ішінде Қазақстан өнімдерін көптеп әкелуге көңіл бөліп отыр. Асқар Жаңқылышұлының айтуынша, тек кәсіппен айналысып қана қоймай, көктем айы шығысымен шаруа қожалығын ашып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды жоспарлап қойған. Аудан экономикасының дамуына үлесімді қоссам деген ниеті бар. Сонымен қатар, біздің аудан – мал шаруашылығын өркендетуге қолайлы жер. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, тағы да үш адамды тұрақты жұмыспен қамту үшін сұраныс беріп қойыпты. Қысқасы, Асекең жұмыссыздық деңгейінің азаюна да септігін тигізіп отыр. Аудандағы әрбір шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер осылай жасаса, аудан көрсеткіші анағұрлым жоғарылар еді.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы