Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айту жеделхатын жолдады

Нұрсұлтан Назарбаев Кәмшат Дөненбаеваның қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.Доненбаева-Камшат-БайгазиновнаЖеделхатта Мемлекет басшысының даңқты диқан-механизатор, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.
«Кәмшат Байғазықызы көп жылдар бойы механизатор болып еңбек етіп, жер жыртып, астық өсіріп, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты. Кезінде басқа да бірқатар қыздар Кәмшатқа еліктеп, механизаторлық мамандықты таңдап, еліміздегі бүгінгі береке мен молшылықтың негізін қалады.
Бойында қазақ әйеліне тән ақыл мен парасат, еңбекке деген қажыр мен қайрат шебер үйлесім тапқан Кәмшат Дөненбаеваның есімін, оның атқарған істері мен жарқын дидарын қазақстандықтар әрдайым жадында сақтайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.IMG_1797
(Сурет "Қостанай таңы" газетінің мұрағатынан алынды)
 
ӘРҚАШАН БІЗДІҢ ЖҮРЕГІМІЗДЕ…
Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қостанай облысының құрметті азаматы, белгілі ауыл шаруашылығы саласының маманы, қажы Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева 75 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Кәмшат Байғазықызы 1943 жылы Қостанай облысы, Ленин ауданына қарасты Демьянов ауылында дүниеге келген.
1961-1966 жылдар аралығында «Каменск-Уральский» кеңшарында жұмыс істеді. Механизаторлар курсын тәмамдаған соң 1966 жылы қайта құрылған «Харьков» кеңшарына жұмысқа келді. Сол жерде аттай 30 жыл қызмет етті.
Дөненбаева Кәмшат Байғазықызы бірнеше мәрте облыстық және республикалық байқауларда топ жарып, үздік атанды. 
1973 жылы Ростов облысында өткен Бүкілодақтық еңбеккерлер байқауында жүлделі орыннан көрінді. 
Араға үш жыл салып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Ол әр жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған.
Оның ерен еңбегіне Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев жоғары баға берген болатын. 
Өңірдің және республиканың ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі үшін К. Дөненбаева 1975 жылы КСРО Социалистік Еңбек Ері атағын алып, Ленин орденімен марапатталды, «Тың жерлерді игергені үшін» медалінің, сондай-ақ басқа да көптеген наградалардың иесі атанды, лайықты құрметке бөленді. 2004 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Тыңға – 50 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
Кәмшат Байғазықызы қоғамдық жұмысқа белсене араласқан талантты да дарынды, өте еңбекқор жан, өз ісінің һас шебері болды. 
Оны өскелең ұрпақ әрқашан үлгі тұтатын. Үнемі жас ұрпаққа бар білгенін айтып, өз шеберлігімен бөлісетін. 
Сондай-ақ, өз балалары үшін ардақты ана, сүйікті әже болған бақытты жан еді.
Аты аңызға айналған әйелдің арты пейіш болсын. Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева әрқашан біздің жүрегімізде.
Оның артында қалған балаларына, отбасына және жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз.    
 
А.Б. МҰХАМБЕТОВ, С.Е.ЕЩАНОВ, Ғ.Т. НҰРМҰХАМБЕТОВ, М.Қ. ЖҮНДІБАЕВ, С.А.КАРПЛЮК, М.И.МЫРЗАЛИЕВ, А.Т.ӘБЕНОВ, Б.Ш.ЖАҚЫПОВ, Е.О. ТЕМЕНОВ, Д.Е. ӘБДІКӘРІМОВ, К.Ү.ҮКИН, Т.Қ.ҚАДАМБАЕВ, А.И. КУЗЬМИНА, С.Б. БҰҚАНОВ, Б.П.КНЯЗЕВ, А.Ж. ТҰРСЫНОВ, Т.Н.АХМЕТОВ, О.А. ТАҢЖАРЫҚОВ, З.А.ЖАҢБЫРШИНОВ, Ө.Б.ИХТИЛЯПОВ, И.Е.ЕСТАЕВ, Р.Н.ФАЙЗУЛИН, А.П.КЛИМКО.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓