Нарық талабына, халық қалауына сай
Қостанай қаласында ұлттық нақыштағы көйлектер тігумен айналысатын нысандар жоқтың қасы. "Евгения" ательесі осы олқылықтың орнын толтырып отыр. Мұнда қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киім тіккізуге ниет білдіріп келетіндер күннен-күнге көбеюде.
Аталған ательенің жұмыс істеп тұрғанына – 15 жыл. Осы уақыт аралығында жеке тұлғалардан той көйлектері мен концерттік костьюмдер тігуге тапсырыс алып келеді. Ателье жетекшісі, кәнігі тігінші, кәсібі өрге домалаған Евгения Домбаева ешқашан сұраныссыз қалып көрмегендігін айтады. Өйткені, қалыңдық көйлегін қаланың қай бұрышынан табу оңай десеңіз де, ұлттық нақыштағы үлгілер осы жерден ғана кездеседі. Қазіргі таңда көркі көз тартатын ұлттық киімдерге тапсырыс берушілер қатары көбеймесе, азаймаған.
– Ұядай ғана цехымызда төрт тігінші жұмыс істейді, – дейді кәсіпкер. – Жұмыс бөлмесі шағын болса да, үлкен шаруалар атқарылады. Олай дейтін себебім, Қостанай қаласында дәл біздің бәсекелесіміз жоқ. Сондықтан, қазақы мерекелік киімге тапсырыс берушілердің барлығы дерлік осында жүгінеді. Бұл, әрине, қуанышты жағдай.
Сұраныс артты екен деп, сапаға селсоқ қарайтын кәсіпкер Евгения емес. Ол қашанда тұтынушылар алдында абыройлы болуды мақсат тұтады. Сондықтан болар – сонау Канададан келген Алекс Вега есімді жеңіл өнеркәсіп сарапшысы "Евгения" ательесінің жұмысына жақсы баға беріп, өзара әріптестік орнатуды ұсыныпты. "Бірінші кезекте, – дейді ол, – нарық талабына жауап беру үшін, халық қалауына ие болуың керек".