Мол ырыстың мерекесі (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Салтанатты жиында жыл қорытындысына арналған ауқымды баяндаманы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов жасады. Ол үстіміздегі жылы өңір ауылшаруашылығының жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталды.
Рас, биыл қостанайлық диқандар мол өнім алды. Еліміз бойынша барлығы 21 млн тонна астық жиналса соның 5,2 млн тоннасы немесе 25%-і Тобыл өңірі шаруаларының үлесіне тиді. Астық шығымы жөнінен облыс бойынша Федоров, Қостанай, Меңдіқара тәрізді бірқатар аудан көш бастады. Жекелеген шаруашылықтар арасында «Запасное» ЖШС әр гектардан 28 центнерден, «Өтемісов.К», «Сатаев.Б» шаруа қожалықтары 27 центнерден сапалы астық жинап алды.
Жалпы, өңір 342 млрд теңге ауылшаруашылық тауарларын өнімдерін өндірген. Яғни, өткен жылғымен салыстырғанда өсім 7%-ке тең.
Сондай-ақ, облыс шаруалары 52 мың тонна картоп, 25 мың тонна көкөніс жинады. 270 мың тоннадан астам майлы дақыл өнімдері ел ырыздығына айналды. Ауылшаруашылық тауар өндірушілері үстіміздегі жылы 125 егін оратын техника сатып алыпты. Жалпы, соңғы бес жыл ішінде барлығы 65 млрд теңгеге 5 мыңнан астам техника алынған.
Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бір топ ауылшаруашылық мамандарына «Еңбек ардагері» медалін тапсырды. Олардың арасында Валентин Сивиридов, Жармағамбет Жүзбаев бар. Ал ұзақ жыл ауылшаруашылық саласына сүбелі үлес қосқан Қалыбек Назарбеков, Тоқтарбай Қадамбаев, Николай Поспелов, Олег Даниленко, Иван Ветчейн, Жомарт Жүргімбаев тәрізді азаматтар «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, Юрий Чеховский, Бақытжан Тілеубаев, Сергей Блок «ҚР ауылшаруашылық саласының үздігі» төсбелгісін омырауларына тақты.
Меркелік жиын соңы облыс өнер шеберлерінің концертіне ұласты. Облыстық ауылшаруашылық қызметкерлерінің күніне орай өткен мерекелік жиын туралы газетіміздің алдағы нөмірінен толық оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.